Коронавирус: Миланнан келген қазақстандықтың жай-күйі қалай

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырған үшінші адамның елордада анықталғанын хабарлады.
«Қазақстандық әйел 12 наурыз күні Милан-Мәскеу-Нұр-Сұлтан рейсінен түсірілді. Себебі, Италия коронавирустық инфекция қаупі бойынша бірінші санатқа енгізілген. Осыған байланысты кеше таңғы 8:25-те ҚР азаматы рейстен түсіріліп, біздің стационарға жеткізілді. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбейінді медициналық орталықтың карантиндік стационарында жатыр», - деді С. Қисықова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Коронавирустық инфекцияны диагностикалау мен емдеу хаттамасына сәйкес, әйелден биоматериал алынып, Ұлттық сараптама орталығының вирусологиялық зертханасына жіберілген.
«Бүгін зертхана нәтижесін алдық және қазақстандық әйелден коронавирустық инфекция табылды. Қазіргі уақытта науқас денсаулығына еш шағым түспеді, бірақ инфекция табылғандықтан, емдеу шаралары басталды. Ол желдеткіші бар бір адамдық палатада жатыр», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, қазақстандық әйелмен бір ұшақта 90 жолаушы болған. Нұр-Сұлтан қаласының Денсаулық сақтау басқармасы оларға хабарласып жатыр.