Коронавирус: Отандық вакцинадан үміт бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақ «ауру айтып келмейді» дейді. Соның дәлелі бүгінде жер жаһандағы жұртшылықты әбігерге салған коронавирус инфекциясы болып тұр. Аурудың әзірше беті де қайтар емес.

Әлемнің әр түкпірінде карантин шаралары қатаңдатылып, ойын-сауық пен той-томалаққа, түрлі жиынға, іс-шараларға тыйым салынып та жатыр. Мұндай үрдіс елімізде де байқалады. Бүгін ғана аталған індеттің алдын алу үшін құрылған ведомствоаралық комиссия 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салу туралы шешім қабылдаған еді.

Ал қалыпты өмірге оралуымыз үшін адам ағзасында коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастыра алатын, яғни вирустық жұғуының алдын алатын вакцина әзірлеу қажет. Бүгінде жер шарында мекен еткен мемлекеттердің барлығының дерлік медицина саласының ғалымдары дәл осы бағытта жанталаса еңбек етуде. Алайда, әлем ғалымдары вирусқа қарсы вакцина жасау ісіне белсене кіріскенімен аурудың алдын аларлық екпенің бүгін-ертең шыға қоятындығы да дүдамал. Дегенмен, үміт те басым. Коронавирусқа қарсы тұрарлық вакцина жасау жолында Қазақстан, Қытай, АҚШ, Ресей сынды елдердің ғалымдары аянбай еңбек етіп жатыр. Мәселен, күні кеше ғана ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Жамбыл облысы Қордай ауданының Гвардейский кентіндегі ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына барған болатын. Бүгінгі таңда осы ғылыми-зерттеу институтында отандық ғалымдар әзірлеген коронавирусқа қарсы QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынаудың I және II фазалары жүргізілген. Зерттеудің алдын ала нәтижелері де көңіл қуантарлық. Вакцина жоғары қауіпсіздіктің, иммуногенділіктің және тиімділіктің 96 пайыздық деңгейін көрсетіп отыр. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі де үш мың еріктіге клиникалық зерттеулердің қорытынды III кезеңінің басталуын мақұлдап отыр. Бүгінде алғашқы еріктілер Алматы және Тараз қалаларының клиникаларында, ҒЗИ-да отандық вакцинамен егіліп те үлгерді. 2020 жылғы желтоқсан айының соңына дейін үш мың еріктіні вакцинациялау аяқталатын болады. III кезеңді өткізу үшін 10 мың доза көлемінде вакцинаның қажетті партиясы шығарылған.

«Отандық вакцинаны жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады. Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға екпе жасалады», — деген еді Асқар Мамин.

Айта кетерлігі, 18 желтоқсанда ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ мүдделерді ескере отырып бірқатар ұсыныс жасап, оның ішінде, коронавирус індетіне бірлесе қарсы күресуге қатысты ойын ортаға салған болатын.

«Бүгінгі күннің ең басты міндеті – азаматтарымыздың коронавирусқа қарсы вакцинаға кең көлемде қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Осы орайда COVID-19 індетіне қарсы жаһандық күресте әлемде бірінші болып вакцинасын тіркеген және халыққа екпе жасай бастаған Ресей Федерациясының жетекші рөлін атап өткім келеді. Қазақстан да өзінің вакцинасын әзірлеп жатыр. Оның сынамалары жақсы нәтиже беруде. Біз келесі аптада Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосамыз. Ол ресейлік те, қазақстандық та өнім ретінде экспортқа шығарылады», – деген еді Мемлекет басшысы.

Шындығында да таяуда ғана ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры (РФТИҚ) әлемде алғашқы қабылданған коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын тіркеп, сондай-ақ оны өндіру және тарату рәсімін жүргізу үшін ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Қазақстан Республикасының реттеуші органдары қажетті рәсімдерді аяқтағаннан кейін Ресей Федерациясы технология трансферін жүргізеді және Қазақстан аумағында «Спутник V» вакцинасының кемінде 2 млн дозасын өндіруге арналған субстанцияны жеткізетін болады. Демек, бұл вакцина еліміздің аумағында шығарылатындықтан қазақстандық өнім ретінде есептелендігі анық.

Жалпы, бүгін ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысымен COVID-19 коронавирусына қарсы Қазақстан Республикасында өндірілген вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидалары бекітілген болатын.

Аталған қаулыға сәйкес, вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші Мемлекеттік сараптама ұйымына өтініш пен құжаттар тізбесін ұсынады. Өтініш беруші ұсынған құжаттарды қарау үшін Мемлекеттік сараптама ұйымы өтінішті тіркеген күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде: мемлекеттік сараптама ұйымының мамандары мен сарапшыларынан; биоэтика жөніндегі орталық комиссияның өкілдерінен; медициналық ұйымдардың өкілдерінен, мамандары мен сарапшыларынан; медицина, биология, микробиология, иммунология және эпидемиология саласындағы қызметті жүзеге асыратын бейінді ұйымдардың өкілдерінен, мамандары мен сарапшыларынан тұратын сараптама комиссиясын құрады.

Сараптама комиссиясының құрамы мемлекеттік сараптама ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі. Сараптама комиссиясының төрағасы мемлекеттік сараптама ұйымы басшысының орынбасарынан төмен емес тұлға болып табылады. Комиссиясының қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Өтініш берушінің өкілдері болып табылатын адамдарды, сондай-ақ вакцинаны дайындауға және (немесе) әзірлеуге тікелей немесе жанама қатысқан адамдарды Сараптама комиссиясының құрамына қосуға, сондай-ақ Сараптама комиссиясының жұмысына қатысудың өзге де нысанына араластыруға жол берілмейді.

«Сараптама комиссиясы 10 жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын бағалауды және тәуелсіздік, объективтілік, қағидаттарын сақтай отырып, оларды қарауды жүзеге асырады. Ұсынылған құжаттарға сұрақтар немесе ескертулер болған жағдайда, мемлекеттік сараптама ұйымы өтініш тіркелген күннен бастап 1 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде өтініш берушіге 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қосымша түсініктеме берудің және (немесе) анықталған ескертулерді толық көлемде жоюдың қажеттігі туралы ресми сұрау салу (еркін нысанда) жібереді. Өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда, сондай-ақ сараптама комиссиясының ескертулері осы тармақта көзделген мерзімдерде жойылмаған жағдайда, сараптама комиссиясы теріс қорытынды береді. Мемлекеттік орган сараптама комиссиясы ұсынған вакцинаның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі туралы қорытындының негізінде 1 жұмыс күні ішінде вакцинаны 9 ай мерзімге уақытша мемлекеттік тіркеу туралы немесе вакцинаны уақытша мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Оң шешім болған жағдайда мемлекеттік орган 1 жұмыс күні ішінде өтініш берушіге уақытша тіркеу куәлігін береді. Теріс шешім қабылданған жағдайда мемлекеттік орган 1 жұмыс күні ішінде өтініш берушіге вакцинаны уақытша мемлекеттік тіркеуден бас тарту себептерін көрсете отырып, жазбаша (еркін) нысанда хабарлайды», - делінген құжатта.


Соңғы жаңалықтар