Коронавирус: Өзбекстанда бір тәулікте 80 мыңға жуық адамға екпе салынды
ТАШКЕНТ. ӨзА – ҚазАқпарат - Өзбекстанда 1 сәуірден басталған халықты жаппай вакцинациялау науқаны аясында жалпы 797 781 азаматқа екпе жасалды. Бұл туралы ҚазАқпарат ӨзА сілтеме жасап хабарлайды.
Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің хабарлауынша, өткен тәулікте 79 310 адамға екпе жасалған. Бұл вакцина басталғалы күндік ең жоғары рекордты көрсеткіш.
1 айлық қорытындыға сай аймақтар арасында ең көп вакцина алғандар Ферғана облысында (117 843 адам). Кейінгі кезекте Наманган (84 874), Әндіжан (82 268) облыстары тұр.
Айта кетсек, қазіргі уақытта ел аумағында үш түрлі вакцина («Спутник V», «AstraZeneca» және өзбек-қытай «ZF-UZ-VAC 2001» вакцинасы) азаматтарға егілуде.
1 сәуірде басталған вакцинация науқаны бойынша 3 айда 4 млн тұрғынды вакциналау жоспарланған.