Коронавирус: Петропавлда қоғамдық бақылау жұмысын тоқтатпайды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда шілде айында құрылған қоғамдық бақылау эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанымен, жұмысын тоқтатпай, карантин талаптарының сақталуын қадағаламақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Петропавлда қоғамдық бақылау шілде айында, коронавирус инфекциясы өршіп тұрған кезде құрылды. Оның үйлестірушісі Оксана Прищицтің айтуынша, жағдай тезірек қалыпқа келуі үшін, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін қоғамдық бақылау көп жұмыс атқарды.
«Қоғамдық бақылау өңірлерде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен елде коронавирус инфекциясы шарықтау шегіне жетіп тұрған кезде құрылды. Осы уақытқа дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен, прокуратура және әкімдікпен бірге провизорлық, инфекциялық стационарларға рейдтер ұйымдастырдық. Ондағы науқастарға және мамандарға жасалған жағдайды көрдік. Бұл орталықтарда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер арасында үстемеақының төлену-төленбеуі жайында, еңбек жағдайы, тамақтану, тұру бойынша жасырын сауалнама жүргіздік. Дәріханаларды тексеріп, дәрі-дәрмек бағасын, препараттардың жеткілікті болуын бақыладық», - дейді Оксана Прищиц.

Облысқа келіп жатқан гуманитарлық көмек қоғамдық бақылаудың сүзгісінен өтеді. Олар жүкті қарсы алып, тегін таратылуы тиіс маска, препарат және жеке қорғаныш бұйымдарының саудаға түспеуін, мақсатты түрде берілуін қамтамасыз етті.
«Гуманитарлық көмек сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және денсаулық сақтау басқармасының өкілдерімен бірге қабылданып, өңірдің емдеу мекемелеріне қажетіне қарай таратылып отырды. Қазір де жұмыс тоқтаған жоқ. Карантин талаптарының сақталуын қадағалаймыз. Соның ішінде маска тағу режимінің сақталуын. Бізге облыстың бас санитариялық дәрігерінің қаулысын бұзғандар жайында хабар түскен жағдайда біз бірден тиісті орындарды хабардар етеміз. Осы орайда жедел әрекет ететін полиция қызметін атап өтер едім», - дейді қоғамдық бақылау үйлестірушісі.


Оксана Прищицтің айтуынша, СҚО-ға шілде айының ортасынан бастап осы күнге дейін 13 рет гуманитарлық жүк келді. Негізінен жеке қорғаныш құралдары, препараттар, маскалар, қызуөлшегіштер Ресейден, АҚШ, Қытай, Түркия және Өзбекстан елдерінен жеткізілді.