Коронавирус: ШҚО-да мобильді бригадалар саны артты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 инфекциясына шалдыққандарға үйде көмек көрсететін мобильді бригадалар саны артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирус: ШҚО-да мобильді бригадалар саны артты

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы күндері өңір бойынша коронавирус жұқтырғандардың өскендігі байқалады. Осыған байланысты облыста мобильді бригадалар саны 356-ға дейін ұлғайтылды.

«Пациенттер айналасындағыларға қауіп төндірмеуі және үйде қажетті медициналық көмек алуы үшін мобильді бригадалар құрылған. Олар өз аумағы бойынша қызмет көрсетеді. Жұмыс уақыты – 8.00-ден 20.00-ге дейін. Егер науқас емханада тіркелген мекенжайы бойынша тұрмайтын болса, оған «103» нөміріне хабарласу қажет. 20.00-ден кейінгі қоңырауларға жедел жәрдем дәрігерлері қызмет көрсетеді», - деді филиал басшысы Ғалымжан Әбілов.

Сонымен қатар резервте осындай 120 мобильді бригада бар. Оларды шақыру үшін тұрғындардан ешқандай ақы талап етілмейді. Барлық тиісті қаражат МӘМС қорынан өтеледі.