Коронавирус: Симптомсыз екі науқас үшін Шыңжаңға кіріп-шығу шектелді
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайда Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Іле Қазақ автономиялық облысының Құлжа қаласында екі адамның коронавируспен симптомсыз ауырғаны анықталып, дүйсенбі күні соған байланысты мұнда кіріп-шығуға уақытша шектеулер енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Өткен жексенбі күні Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Іле Қазақ автономиялық облысының Қорғас қаласында коронавируспен симптомсыз ауырған екі адам анықталды. Соған байланысты Қорғас қаласынан 90 шақырым жерде орналасқан Құлжа қаласының әуежайында рейстердің 70% тоқтатылды.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, дүйсенбі күні Құлжа қаласын Шыңжаңның басқа елді мекендерімен байланыстыратын теміржол және автобус қозғалысы тоқтады.
Сонымен қатар дүйсенбі күні Үрімжі қаласының әуе айлағында 165 рейс ұшпай қалды.
Шыңжаңда коронавирустың қайта өршуіне байланысты Гуанчжоу және Шэньян сияқты мегаполистер билігі Қорғас және Құлжа қалаларынан келушілерден міндетті түрде тұрғылықты жері бойынша денсаулығы туралы деректерді ұсынуды талап етуде.
Еске сала кетейік, осы жылдың тамызында Қытайда Шыңжаңның Боротала-Моңғол автономиялық облысының Алашаңқай қаласында коронавируспен симптомсыз ауырған адамдар анықталды. Осыған байланысты бір күн ішінде аталмыш автономиялық облыстың 500 мыңға жуық тұрғыны індетке қарсы тест тапсырды.