Коронавирус: Теңіз кенішінде 2 компания карантинге жабылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы Теңіз кен орнында 2 компания карантинге жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының бас санитар дәрігері Амантай Жұмағалиевтың мәліметіне сенсек, Теңіз кен орнында 7 желтоқсаннан бастап карантин шаралары күшейтілген.

«Соңғы екі аптада коронавирус дерегінің 80% Теңіз кен орнының қызметкерлерінен анықталды. Науқастармен байланыста болған жұмысшылар оқшауланып, медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Өткен бір тәулікте Теңіз кен орнындағы екі компанияның 42 жұмысшысы коронавирус инфекциясын жұқтырды. Науқастардың 99% профилактикалық мақсатта жүргізілген скрининг нәтижесінде белгілі болып отыр. Қазір екі компания карантинге жабылды», - дейді Амантай Жұмағалиев.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің критерийлеріне сәйкес, егер Атырау қаласы мен басқа елді мекендерде инфекцияның өсуі байқалса, шектеулер күшейтіліп, карантин жариялануы мүмкін. Бірақ, әзірге мұндай қажеттілік туындап отырған жоқ.

Бас санитар дәрігер өңір тұрғындары мен қонақтарын, әсіресе демалыс және алдағы мереке күндері санитарлық шараларды қатаң сақтауға шақырды.

«Алдағы демалыс, мерекелерге байланысты, әсіресе, жаңа жыл күндері отбасылық іс-шараларды өткізбеу керек. Маска режимін, қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтықты сақтап, қолды жиі жуған жөн. Бұл – талап», - деді бас санитарлық дәрігер Амантай Жұмағалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Теңіз кенішінде бір тәулікте 42 жұмысшының індет жұқтырғанын, аталған кен орнындағы стационарға тағы да 15 медицина қызметкері баратынын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар