Коронавирус: Теңіз кенішіндегі науқастар саны 102 адамға жетті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысының Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда емделіп жатқан науқастар саны 102 адамға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Коронавирус: Теңіз кенішіндегі науқастар саны 102 адамға жетті

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, өткен тәулікте 31 адамның коронавирус инфекциясына шалдыққаны ПТР-тест арқылы расталып отыр.

«Науқастардың бесеуі Атырау қаласында анықталды. Теңіз кенішінде 23 жұмысшыдан, Жылыой ауданында 3 адамнан қауіпті індеттің белгісі табылды.

Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың басым бөлігі кезекті медициналық тексеріс кезінде анықталған. Науқастардың барлығында инфекция симптомсыз түрде өтіп жатыр» -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Қазір 136 адам үй жағдайында емделуде. Ал, облыстық инфекциялық стационарда 32, аудандардағы стационарда 8 науқас емделіп жатыр. Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда емделіп жатқан науқастар саны 102 адамға жеткен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кенішіндегі стационарда 86 науқас емделіп жатқанын хабарлап едік.