Коронавирус: Түркістан облысында 131 науқаc бақылауға алынған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында короновирус инфекциясы бойынша 131 науқаc бақылауға алынған. Карантин ауруханаларында 63 науқас емделіп жатса, 66 адам үйінде ем қабылдауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирус: Түркістан облысында 131 науқаc бақылауға алынған

Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, науқастардың арасында 6 жүкті және жаңадан босанған 2 әйел бар.

Ал, бүгін індет жұқтырудың 10 жағдайы тіркелді, өсім - тәулігіне 0,25%.

Өңірде жұқпалы аурулар ауруханаларында барлығы 610 төсек бар.

Облыс эпидемиологилық ахуалды бағалау көрсеткіші бойынша «жасыл аймақта» болып, 340 карантин төсек-орны дайын тұр.

COVID-19 инфекциясы өршіген жағдайда оның көлемін 6 есе арттыруға мүмкіндік бар.

Пандемия басталғалы аймақта барлығы 3889 жағдай тіркелсе, оның 2436-сы - симптомсыз ауырғандар. Емделушілердің 47% - әйелдер.

Осы уақыт аралығында жарты миллионға жуық азаматтан ПТР зертхана сынамасы алынған.

Облыс бойынша дәрі-дәрмек пен ӨЖЖ аппараты жеткілікті.

Сондықтан дәрігерлер алаңдауға негіз жоқ деп отыр.