Коронавирус: Түркістан облысында дәрі-дәрмек қоры жасақталды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында барлық медициналық мекемелер пандемияның ықтимал екінші толқынына дайындық аясында екі айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтылды. Бұл туралы облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Нұрхан Нарымбетова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұрхан Нарымбетованың айтуынша, өңірдегі медициналық ұйымдарды дәрілік заттар және арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 2,1 млрд теңге бөлінген.
«Облыста 600 инфекциялық және 340 карантиндік төсек-орын ұйымдастырылды. Коронавирус инфекциясының әртүрлі сценарийіне байланысты инфекциялық төсек-орындар санын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, дезинфекциялық ертінділер сатып алынды. Оның 70% медициналық мекемелерде, қалған 30% облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының қоймасында қор ретінде сақталуда», -деді Нұрхан Нұрымбетова.
Ал, облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Алдарқұл Ахметов өңір тұрғындарына алдағы мерекелік демалыс күндерде сақтық шараларын ұстануға шақырды. Ол Түркістан облысы эпидемиологиялық ахуал бойынша «жасыл аймаққа» енгізілгенімен, босаңсуға болмайтындығын ескертті. Айта кетейік, қазіргі таңда облыстағы медициналық мекемелердегі өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 178-ден 345-ге дейін артты. Қосымша 4 оттегі станциясы орнатылып, станция саны 8-ге жетті. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынған. Оттегі концентраторларының саны 890 бірлікке жетіп, оттегі нүктелерінің саны 205-тен 2905-ке дейін ұлғайтылды.