Коронавирус: Түркістан облысында төсек-орын санын 5,5 мыңнан асыруға мүмкіндік бар
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 600 инфекциялық және 340 карантин төсек-орын ұйымдастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінгі таңда инфекциялық төсек-орын жүктемесі - 14,2%. Карантин төсек-орынның жүктемесі - 16%.
Коронавирус инфекциясының әртүрлі сценарийіне байланысты инфекциялық төсек-орын санын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық бас дәрігері Марат Пашимов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірдегі мемлекеттік ПТР зертхана саны 3-тен 10-ға дейін өскен. Зертханаларда жалпы 369 155 адам тексеруден өткен.
«Медициналық ұйымдарды дәрілік заттар және арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 3,1 млрд теңге бөлінді. Аталған қаржыларға 361,8 млн теңгеге дәрі-дәрмек, 1,6 млрд теңгеге медициналық бұйымдар, 185 млн теңгеге дезинфекциялық ертінді сатып алынды. Сондай-ақ, өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 178-ден 348-ге дейін артты. Қосымша 4 оттегі станциясы орнатылып, станция саны 8-ге жетті.Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынды. Бұдан бөлек, оттегі концентраторларының саны 890-ға жетті. Облыстық бюджет есебінен 1 компьютерлік томограф пен 3 рентген аппараты орнатылды. Медициналық ұйымдарда пульсоксиметрдің қамтамасыз етілуі 190-нан 4 069-ға дейін жетті», - деді Марат Орынбасарұлы.
Облыста COVID-19 індетін жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны -214, пневмонияны 200 адам жұқтырып, 16 адам қайтыс болған.
Бүгінде қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасына 10 млн теңгеден жалпы 160 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлем жасалған.
Сонымен қатар, вирус жұқтырған 182 маманға барлығы 2 млн теңге көлемінде төлем берілді.
Эпидемияға қарсы шараларға тартылған 39 387 медицина қызметкеріне тамыз айына дейін 7,8 млрд теңге қаржылай үстемеақы төленді.