Коронавирус: Түркістан облысында вакцинаны ең алдымен кімдер алатыны белгілі болды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында коронавирусқа қарсы вакцинаны ең алдымен өңірдің бас санитар дәрігері мен қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы салдыратын болды.

Коронавирус: Түркістан облысында вакцинаны ең алдымен кімдер алатыны белгілі болды

Сала басшылары мұндай қадамға ел тұрғындарының вакцинаға деген сенімін арттыру үшін баратынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстың бас дәрігері Марат Пашимовтың айтуынша, аймақта коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың саны күн санап артып келеді. Жыл басынан бері өңірде 335 адамнан қауіпті індеттің белгілері анықталған. Әсіресе Созақ пен Сайрам және Мақтаарал аудандарында індетке шалдығу жиіледі. Сондықтан аймақта вакцина салу шарасына жұмыс осы бастан жүргізіліп жатыр.

«Вакцинаны алдымен қауіпті аймақта жұмыс істейтін медицина қызметкерлері салдырады. Олар негізінен инфекциялық госитальда жұмыс істейтін қызметкерлер. Кейін жедел жәрдем қызметкерлеріне салынады. Үшінші, санитарлық-эпидемиялық қадағалау мамандары салдырады деп жоспарлануда. Төртінші, құқық қорғау органдарының мамандары. Ары қарай бізде «Д» есепте тұрған адамдар вакцина алады»,- деді Марат Пашимов.