Коронавирус вакцинасын 6 ай сайын салдырып тұрған жөн - сарапшы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан азаматтарына әр 6 ай сайын коронавирусқа қарсы вакцина алу ұсынылады. Бұл туралы ҚР ДСМ вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының бас сарапшысы Айдана Ергасен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Адам ең алдымен 2 дозамен толық вакцинацициядан өтуі керек. Содан кейін 6 айдан кейін иммунитет төмендей бастайды. Оны зерттеулер көрсетіп отыр. Сондықтан 6 айдан соң 3-дозаны, тағы 6 айдан соң 4-дозаны алуды ұсынамыз. Оның адам ағзасына кері әсері жоқ. Қайта коронавирус инфекциясына қарсы ұжымдық иммунитетті сақтап тұрады. Жаңа штамдардың шығуына тосқауыл болады», - деді Айдана Ергасен орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда вакцинаның үш түрі қолжетімді, олар – QazVac, Sinopharm және Pfizer. Ревакциналау үшін – QazVac және Sinopharm бар.