Коронавирус вакцинасын алғандар саны бойынша Алматы көш бастап тұр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 1184 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«14 қараша күні 1184 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін – 635, II компонентін – 549 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 14 қараша аралығында қалада 1 010 741 тұрғын - вакцинаның бірінші компонентін, 961 251 адам - екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 121 551 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.
Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 733 адамнан тұратын 205 егу бригадасы бар.
«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың сауда ойын-сауық орталықтарында вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.