Коронавирусқа байланысты жалған ақпарат таратқан 3 түркістандық тергеліп жатыр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында коронавирусқа байланысты жалған ақпарат таратып, жұртты дүрліктірген 3 тұрғынға қатысты тергеу жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметін өткен брифингте облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирусқа байланысты жалған ақпарат таратқан 3 түркістандық тергеліп жатыр

Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, Мақтаарал мен Шардара аудандары және Кентау қаласында осындай 3 дерек тіркеліп отыр.

«Бұл тұрғындар коронавирусқа байланысты жүріп жатқан оқу-жаттығу жұмыстарын ұялы телефонға түсіріп, сол өңірлерде оба тарап жатыр деген мағынада бейнематериалдарды әлеуметтік желілерге салған. Қазір тергеу амалдары жүруде. ҚР Қылмыстық кодексінің 274-ші бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» деп аталады және оның санкциясында 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көрсетілген», - деді Әбдіғани Тойшыұлы

Полицейдің сөзінше, аталған заң бойынша көрінеу жалған ақпарат таратушыға – бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Не болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады, немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі, не бір жылға сотталуы ықтимал.