Коронавирусқа қарсы вакцина: Қалай тасымалданады, кімге салынады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жүргізілетіні жайлы ресми ақпарат тараған сәттен бастап-ақ Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындар арасында вирустың алдын алудағы вакцинаның тиімділігі туралы мәліметтермен тұрақты бөлісіп келе жатыр. Осы жылдың басынан бері ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде аталған министрліктің басшылары 7 рет баспасөз мәслихатын өткізді. Сондай-ақ отандық телеарналарда, газет-журналдар мен ақпарат агенттіктерінде бұл мәселеге қатысты ақпараттар күнделікті жарияланып отыр.
Елімізде КВИ-ге қарсы вакцинациялау қалай жүргізілуде?
Елімізде коронавирусқа қарсы вакцинациялау 1 ақпаннан басталды. Екпе жүргізу вакцинаның келіп түсуін ескере отырып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Бұл ретте, бірінші кезекте КВИ-ге қарсы вакцинациялаумен кәсіптік тәуекелдерді ескере отырып, КВИ жұқтыру және таралу қаупі жоғары халықтың осал топтары қамтылды. Яғни, инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық жәрдемнің, реанимацияның, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері мен күш құрылымдарының қызметкерлері екпе алды. Екінші кезеңде КВИ-ге қарсы бірінші кезеңде қамтылмаған педагогтар мен медициналық қызмет қызметкерлері екпе алып жатыр. Бұл ретте келіп түсетін вакцинаның көлемін ескере отырып, халықтың қосымша осал топтарын қоса отырып, контингенттерді кеңейту жоспарланған.
Күні кеше Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, қазіргі уақытта әлем бойынша КВИ-ге қарсы вакцинаның жеткіліксіздігі байқалады. Ал Қазақстан елге КВИ-ге қарсы вакцинаны басымдықпен жеткізу туралы келісімге қол жеткізген және КВИ бойынша эпидемиологиялық қолайсыз кезеңде халықтың осал топтарына екпе жасауды қолған алған ТМД кеңістігіндегі алғашқы елдердің бірі болып отыр.
«Бүгінгі күні КВИ-ге қарсы вакцинациялау үшін Н.Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы (Ресей) әзірлеген «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) вакцинасы қолданылады. Аталған орталықтың КВИ-ге қарсы алғашқы вакцинаны әзірлеу және тіркеу бойынша сәтті тәжірибесін ескере отырып, КВИ-ге қарсы вакцинаны сатып алу мәселесі, оның ішінде Қазақстанда «Гам-КОВИД-Вак» Ресей вакцинасының өндірісін оқшаулау ресейлік мамандармен егжей-тегжейлі пысықталды. Қазіргі уақытта «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасын өндіру Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында оқшауланды. Бұл ретте өндіруші ел – Ресейдің осы вакцинасының субстанциясы пайдаланылады», - деді ол.
Министрдің атап өтуінше, 22 мың доза мөлшеріндегі Ресейде өндірілген «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасының бірінші партиясы елімізге осы жылғы қаңтардың соңында келіп түсті және өңірлер бойынша бөлінді. 25 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешені базасында өндірілген 93 мың доза мөлшерінде «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасының екінші партиясын өңірлер бойынша бөлу жүзеге асырылуда.
9 наурыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда 33 279 адам бірінші компонентпен, 15 856 адам екінші компонентпен егілді.
Шамамен наурыздың екінші жартысында вакцинаның қосымша 150 мың дозасы келіп түседі деп күтілуде. Бұл халықтың осал топтарын КВИ-ге қарсы вакцинациялаумен барынша көп қамтуға қол жеткізуге және коронавирус ауыртпалығын төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, елімізде ҚР БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлейтін «QazCovid-In» отандық вакцинасын пайдалану болжанып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда өндірілген «QazCovid-In» КВИ-ге қарсы вакцина клиникалық зерттеулердің 3-ші кезеңінен өтіп жатыр. Қазақстандық вакцинаны шығару шамамен осы жылдың II тоқсанында күтілуде», - деді Алексей Цой.
Вакцина қаншалықты қауіпсіз?
ҚР Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, «Гам-КОВИД-Вак» әлемдегі алғаш тіркелген КВИ-ге қарсы вакцина. «The Lancet» беделді ғылыми медициналық журналының деректеріне сәйкес, «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасының тиімділігі 91,6 пайызды құрайды. Ал 60 жастан асқан адамдар үшін тиімділігі 90 пайыздан асқан. Вакцинаны әзірлеген орталық ғалымдарының дерегінше, «Гам-КОВИД-Вак»-тан кейінгі иммунитет шамамен екі жыл бойы сақталуы мүмкін. Сондай-ақ, вакцинаны әзірлеушілер «Гам-КОВИД-Вак» КВИ-дің орташа және ауыр ағымынан 100 пайыз қорғайтынын айтады.
«Соңғы айларда бұл вакцина Ресейде сәтті қолданылды. Бүгінде Ресейде КВИ-ге қарсы «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасымен 2 миллионнан астам адам егілді. Бұдан басқа, Қазақстан КВИ-ге қарсы «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасын қолдануды мақұлдаған 27-ші ел болып отыр. Вакцина Ресей, Беларусь, Аргентина, Боливия, Сербия, Алжир, Палестина, Венесуэла, Парагвай, Түрікменстан, Венгрия, БАӘ, Армения, Мексика және басқа елдерде тіркелген», - деді ол.
КВИ вакцинасы қалай жеткізіледі?
Алексей Цойдың дерегінше, вакцинаны жеткізу тізбегі 4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – өндірушіден Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына дейін жеткізу. Бұл ретте «салқындату тізбегі» қағидатын сақтау жауапкершілігі вакцинаны өндіруші/өнім берушісіне жүктелген.
Екінші кезең – Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларынан Денсаулық сақтау басқармаларының дәріхана қоймаларына дейін тасымалдау. «Салқындату тізбегі» қағидатының сақталуына жауапкершілік бірыңғай дистрибьюторға артылады.
Үшінші кезең – Денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларынан медициналық ұйымдардың қоймаларына дейін апару. «Салқындату тізбегі» қағидатының сақталуына жауапкершілік Денсаулық сақтау басқармаларына қойылады.
Төртінші кезең – медициналық ұйымда сақтау. «Салқындату тізбегі» қағидатының сақталуына жауапкершілік медициналық ұйымда болады.
«Әрбір деңгейде заңды тұлға басшысының бұйрығымен жауапты тұлғалар тағайындалды. Бұдан басқа, Министрлік салқындату тізбегінің барлық қатысушылары үшін КВИ профилактикасы бойынша вакциналарды сақтау және тасымалдау регламентін әзірледі. Регламент иммунологиялық дәрілік препараттарды (ИДП) қабылдау, түсіру және сақтау, ИДП-ны тасымалдау, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйымның персоналын ИДП-мен термоконтейнерлерді түсіру және оларды ашуға даярлау тәртібінің мәселелерін қамтиды. Өңірлердің медицина қызметкерлерін КВИ-ге қарсы вакцинациялауды ұйымдастыру және жүргізу тәсілі мен тетіктері мәселелері бойынша оқыту жүргізілді, 9 мыңнан астам адам даярланды»,- деді министр.
Оның атап өтуінше, профилактикалық егулер алған барлық адамдар иммундаудан кейін қолайсыз жағдайларды дер кезінде анықтау және қажетті медициналық көмек көрсету үшін медициналық бақылауда болады. Егер асқынулардың дамуы вакцинаны енгізу техникасымен байланысты болса және денсаулығының нашарлауы вакциналарды сақтау жағдайларының бұзылуынан туындаған болса, онда бұл оқиға тиісті шараларды қолдана отырып, басқа дәрігерлік қателіктер ретінде қарастырылады.
Екпе жасалатын пункттердің дайындығы қандай?
Алексей Цойдың дерегінше, бүгінгі күні өңірлерде 179 егу пункті немесе КВИ-ге қарсы вакцинациялау жүргізуге дайындалған пункттердің жалпы санының 27 пайызы (665 пункт) жұмыс істеп тұр. Бұл вакцинациялаудың бірінші кезеңінде иммундауға жататын медицина қызметкерлеріне екпе жасау үшін жеткілікті. КВИ-ге қарсы вакцинаның үлкен көлемінің түсуіне қарай жұмылдырылатын егу пункттерінің саны да ұлғаятын болады. Шалғай аудандарда, сондай-ақ салқындату тізбегін сақтауға жағдайлары жоқ егу пункттерінде КВИ-ге қарсы вакцинациялауды жүргізу үшін оқытылған медицина персоналы бар және арнайы тоңазытқыш жабдығымен жабдықталған жылжымалы егу бригадалары қызмет көрсететін болады.
«Бүгінгі күні КВИ-ге қарсы вакцинациялау жүргізуге жұмылдырылған барлық егу пункттері санитариялық нормалардың талаптарына сәйкес келеді», - деді министр.