Коронавирусқа шалдыққан елордалықтар туралы фейк-ақпараттың авторы анықталды

Ведомстводан мәлім еткендей, коронавирус инфекциясын жұқтырған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары Ақмола облысының Ақкөл қаласына көшірілгені туралы фейк-ақпараттың авторын анықтау бойынша жедел шаралар қолға алынды.
«Жедел-іздестіру шарасы барысында фейк-ақпараттың авторы, Ақкөл қаласының тұрғыны 1972 жылы туған әйел анықталды. Ол өзінің туысының (әйел адам) аудиожазбасын таратқан. Осыған байланысты ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша (жалған ақпарат тарату) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді департаменттен.
Айта кетейік, WhatsApp мессенджерінде тараған аудиожазба 13 наурыз күні әлеуметтік желіге жүргізілген мониторинг барысында анықталды.
Осы уақытта Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 4 жағдайы тіркелді. Оның бірі Италияның Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға ұшып келген азаматтан анықталды. Үш адам Германиядан Алматыға әуе қатынасымен келген. Барлығы ауруханаға жатқызылды.