Коронавируске қарсы вакциналау бизнеске шектеусіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мегаполис экономикасын қалпына келтіру үшін жаппай вакцинация қажет. Бұл туралы Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавируске қарсы вакциналау бизнеске шектеусіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді

«Жаппай вакцинацияның арқасында Алматының бизнес қауымдастығы қатаң шектеулерсіз жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады», - дейді Еркебұлан Оразалин.

Оның айтуынша, жергілікті бизнес қауымдастық денсаулық сақтау жүйесіне қолдау көрсетіп, көптеген сауда үйлерінің, сауда, ойын-сауық орталықтары мен базарлардың базасында егу пункттерін ашты.

Осылайша, бизнес жаппай вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға өз септігін тигізуде.

Сөз арасында, басқарма басшысы жергілікті атқарушы органдар атынан кәсіпкерлерді вакцина алып жатқандарды сыйлықтармен қолдағаны үшін алғыс білдірді.

«Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде қолданылады. Көршілес Ресейде бастапқы айларда жаппай вакциналау белсенді жүрмеген, сондықтан онда ынталандыру үшін қосымша шараларды қолдана бастаған. Мен біздің халқымыз егу пункттеріне ұтыс ойындарына қатысу немесе сыйлық алу үшін келеді деп ойламаймын. Бұл адамдар вакцинация процесін қолдайды және елдегі ұжымдық иммунитетті жақындатады. Сондықтан оларды ынталандыру дұрыс шешім», - деді ол.

Сонымен қатар, ол сауда және қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлер өз ұжымдарын клиенттерді қауіпсіздендіру үшін вакцинациялауға тырысатынын жеткізді.

«Жалпы, жаппай вакцинация мен ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қала экономикасын қалпына келтіріп, шағын және орта бизнес қызметін ынталандыруға мүмкіндік береді»,- дейді спикер.