Коронавируспен ауырғандар саны артқан жағдайда төсек-орын қоры жеткілікті ме

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республикада 28 730 төсек-орын қоры бар 275 инфекциялық стацонар жұмыс істеп тұр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавируспен ауырғандар саны артқан жағдайда төсек-орын қоры жеткілікті ме

«Осы жылдың 6 сәуіріндегі жағдайға сәйкес, КВИ-ге шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету үшін республикада 28 730 төсек-орын қоры бар 275 инфекциялық стацонар жұмылдырылған. Инфекциялық стационарлардың толуы 36, реанимациялық стацонарлардың толуы 22 пайызды құрайды. Инфекциялық төсек-орынға ең көп жүктеме Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында байқалады», - деді Алексей Цой.

Оның атап өтуінше, Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердегі әрбір медциналық ұйымдағы төсек-орын толымдылығына мониторинг жүргізудің электронды жүйесін әзірлеген. Бұл дер уақытында әрекет етуге қосымша стационарлар ашуға мүмкіндік береді.

«Өңірлерде жұмыс істеп тұрған стационарлардың жүктемесі 70 пайызға жеткен жағдайда инфекциялық төсек-орындар жасақтау жоспары бар. Инфекциялық төсек-орын резерві 51 мыңнан 60 мыңға дейін арттырылды. Резервтегі нысандар да жұмылдырылатын болады. Бұған қоса, жоспарлы мамандандырылған медициналық көмек көрсету де жалғаса береді», - деді министр.