Коронавируспен күресте қаза болған жамбылдық дәрігерлер марапатталды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік мерекесіне орай Таразда коронавирустан қайтыс болған бірқатар дәрігерлер марапатталды. Марапаттар марқұмдардың жақындарына табысталды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавируспен күресте қаза болған жамбылдық дәрігерлер марапатталды

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының мәжіліс залында салтанатты жиын өтті. Мерекеге орай ұйымдастырылған марапаттау рәсімінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев денсаулық сақтау саласының 29 жылда жеткен жетістіктері жөнінде аз-кем тоқталып өтті. Ол дәрігерлерді тәуелсіздік күнімен құттықтап, бірқатар марапаттарды табыстады.

Атап айтсақ, Ұлттық Медициналық Ассоциациясының «AVI VITAE» орденімен пандемия кезінде қайтыс болған дәрігерлер Айдар Мұқатаев, Ақылбай Арынов, ал «Алтын дәрігер» медалімен Дәулетбай Арынбаев, Үміткүл Келгенбаева, Гүлмира Қырғызалиева, Мұхтар Тұматаев марапатталды. Медальдар марқұмдардың жақындарына табысталды.

Сондай-ақ, шара барысында елеулі еңбек етіп жүрген басқа да медицина қызметкерлері «Мейірім», «Халық алғысы», «Еңбек Ардагері» медальдарыан, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі және ҚР денсаулық сақтау министрінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.

Басқосуда, саладағы жылдық жұмыс қорытындыланып, өңір медицинасының жетістіктері сараланды.

«Жалпы, пандемия кезінде ерең еңбек еткен 120 медицина қызметкерлері марапатталды. Марапат – істелген жұмысқа баға беру ғана емес, еңбек етуші азаматтың қарымын шыңдай түсу»,-деді Әсет Қалиев.