Коронавирустан емделгендерге оңалту орталықтары ашылды - Атырау

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда Атырауда коронавирустан емделгендерге арналған оңалту орталықтары жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау қаласындағы 6 спорт кешенінде реабилитолог мамандар алғашқы жаттығу жүргізеді. Шаһар тұрғындарының басым бөлігі тіркеуде тұрған №1 және №5 қалалық емханаларының емделушілері «Ривьера» денешынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде ем-шараларды қабылдауда.

№1 Атырау қалалық емханасының дәрігер-эпидемиологы Өміргүл Қостаеваның айтуынша, коронавируспен ауырған науқастарда әлсіздік байқалады. Сондықтан ағзаны қалпына келтірудің маңызы зор. Оның әртүрлі жолы бар. Соның ішінде гимнастикалық жаттығудың өте пайдалы болмақ.

«Бірінші кезекте пневмониямен ауырған науқастарды қабылдаймыз. Емделушілер арасы ашық алаңқайда 1,5 метр қашықтықтатұрып, емдік шараларды жасайды. Ал, күн салқындаған кезде жаттығу шаралары спорт кешендерінің ішінде арнайы спорттық жабдықтар арқылы өтеді. Оңалту жаттығуының мерзімі –10 күн. Жаттығуларды таңертең 15-30 минут жүргіземіз. Дене жаттығуы стрессті, мазасыздықты немесе депрессияны жеңу бағытында өте қажет», - деді эпидемиолог дәрігер Өміргүл Қостаева.

«Ривьера» спорт кешеніндегі оңалту орталығына алғашқы күні 40-тан астам астам емделушіні қабылдады. Оңалту орталығына келушінің бірі Роза Иманғалиева маусым айында өкпесінің 15 пайызы зақымданып, емделіп шыққан.

«Қазір жағдайым жақсы. «Ривьера» спорт кешеніне №5 Атырау қалалық емханасы жанынан арнайы ұйымдастырылған көлікпен келіп жүрміз. Кеше басталған оңалту шарасының әсерін сезіне бастадым. Дене жаттығуы ағзаға дәрісіз-ақ, күш-қуат береді. Оңалту шарасының оң нәтиже беретініне сенемін» - дейді орталықтың емделушісі Роза Иманғалиева.

Атырау облысында короновирус инфекциясының пневмония түріне шалдығып, сауығып шыққан 5714 адам қазіргі кезде оңалту шарасын қажет етеді. Оның 4194-і Атырау қаласында тұрады. Ал 1520 адам аудандарда тіркелген. Олар жергілікті жердегі денешынықтыру спорт кешендерінің алаңқайларында ұйымдастырылған оңалту шараларына қатысуда.


Соңғы жаңалықтар
telegram