Коронавирустан кейінгі оңалту жұмыстары қалай жүргізіледі - дәрігер жауабы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыдағы №36 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлжайнат Тілеген коронавирустан кейіні оңалту жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирустан кейінгі оңалту жұмыстары қалай жүргізіледі - дәрігер жауабы

Дәрігердің айтуынша, коронавируспен симптомсыз аурып шыққандар арнайы емдеуді және оңалтудан өтуді қажет етпейді. Емделу ковиді пневмониямен ауырғандарға қажет, себебі, ол кезде өкпе және қалған дене мүшелерінің гипоксиясы туындайды. Сондықтан орташа және ауыр түрде коронавируспен ауырғандар ауруханадан толық сау болып шықпайды.

«Коронавирустан кейінгі асқынулар ковидтен кейінгі синдром деп аталады. КВИ- ден кейінгі синдром ұзақ уақыт сақталуы мүмкін, айларға созылады. Ковидтен кейінгі симптомдар: өкпе фиброзы, жүрек-қантамыр ауруының асқынуы, көп ұйықтау, үнемі әлсіздікке ұшырау, жадының нашарлауы, когнитивті бұзушылықтар (дұрыс ықылас аудармау), демікпе, депрессия және тағы басқа синдромдар болады»,- дейді дәрігер.

Оның сөзінше, ағзаны қалпына келтіру үшін ауырған адамдарға оңалтудан өту қажет. Бұл өкпе мен тыныс алу функцияларының толыққанды жұмыс істеуін қалпына келтіріп, пневмофибриозды болдырмайды.

«Ол үшін тұрғылықты жер бойынша емханаға, учаскелік дәрігерге бару керек, ол адамның жай-күйінің ауыртпалығын бағалайды. Пациенттің көрсеткіштері бойынша оңалту орталығына немесе емханалық жағдай бойынша оңалтуға жібереді. Ол тыныс алу жаттығуы, емдік дене шынықтыру, тренажерларда жаттығу жасау, физиотерапия, дәрі-дәрмекпен терапия жүргізу, фитотерапиядан тұрады. Оңалтудың бір курсының мерзімі 10-14 күнге созылады. Пациентте оттегінің жетіспеуі себебінен үрей, стресс, депрессия секілді симптомдар туындайды. Мұндай жағдайда психотерапевт қарайды»,- деп атап өтті спикер.