Коронавирустың дельта штамының симптомдары өте ауыр - дәрігер

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Коронавирустың дельта нұсқасының симптомдары өте ауыр. Бұл туралы Алматы қаласы №8 емханасының бас дәрігері Фарида Ағыбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирустың дельта штамының симптомдары өте ауыр - дәрігер

«Науқастардың ыстығы көтеріледі, тамақ ауруы пайда болады және басы ауырады. Қарапайым суық тию немесе тұмауға ұқсайды. Індет жұқтырғандарда коронавирусқа тән иіс сезбеу болмайды. Бірақ ерекше белгілер бар: жүрек айну, құсу, диарея және асқазанның ауыруы, қатты әлсіздік. Аурудың ағымы коронавирус инфекциясының дельта нұсқасында жоғары жылдамдықпен сипатталады және ауыр болады – науқастарда орташа ауыр, ауыр, симптомсыз және жеңіл формалар жиі кездеседі», - дейді Фарида Ағыбаева.

Сондай-ақ, есту қабілеті бұзылады, асқазан-ішек проблемалары туындап, қан ұюы мүмкін.

Егер науқас вакцина алмаған болса, онда дельта нұсқасын жұқтырған кезде жағдайы өте ауыр болады.

№8 емхананың бас дәрігері толық иммундалған адамның дерті симптомсыз немесе әлдеқайда жеңіл өтетінін айтты.

Спикер қоғамдық денсаулық басқармасының атынан алматылықтарды вакциналануға тағы да шақырды.