Корпоративтік секторда несиелік ресурстарға сұраныс 40-дан 48 пайызға дейін өсті
Бұл Ұлттық банктің «Несие нарығының жағдайы және өлшемдерінің болжамы» туралы сәуір айындағы тексеруінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл айналым қаражатын қаржыландыруға және қолда бар борыштарды қайта құрылымдауға қажеттілікке байланысты болды. Сұраныстың ұлғаюы сонымен қатар, мемлекеттің үлесі бар ірі банктер арқылы дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде бөлінетін қаражатқа шағын және орта бизнес тарапынан байқалады. Бұл ретте дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде бөлінетін несиелік ресурстарға талаптарды банктер өздерінің несиелік өнімдерімен салыстырғанда неғұрлым тартымды деп қарастырады.
Жалпы алғанда корпоративтік сектор жаңа «жақсы» заемшылардың болмауымен сипатталады, себебі олардың қаржылық жай-күйі тұрақсыз және басқа банктер алдындағы берешектерінің көлемі айтарлықтай үлкен. Соған байланысты қазіргі уақытта банктердің негізгі күш-жігері олардың дефолтына және несие қоржыны сапасының одан әрі нашарлауына жол бермеу мақсатында қазіргі клиенттерімен жұмыс істеуге бағытталған. Құрылыс, жылжымайтын мүлікпен операциялар, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ сауда және қызмет көрсету салалары неғұрлым тәуекелді салалар болып саналады. Ал кен өндірудегі және өңдеу өнеркәсібіндегі тәуекелдердің төмендегені байқалады. Бұл көбінесе әлемдік тауар нарықтарындағы бағалардың өсуі нәтижесіндегі осы салалардағы жандануға байланысты. Қаржы секторындағы негізгі үрдістерді есепке ала отырып, банктер несиелік нарық бойынша 2-ші тоқсанда қатаң несие саясатының сақталуы, заемшылар тарапынан несиелік ресурстарға деген сұраныстың қалыпты болуы сияқты болжамдарды ұстанады.