Көрсеткен қолдауы үшін Елбасыға ризамын - Олимпиада чемпионы Илья Ильин
Ы. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Айгүл Тұрысбекова/ - Менің арыз-шағымымды естігені және жағдайымды түсінгені үшін Елбасыға қатты ризамын. Елбасы менің басымдағы жағдайды барынша түсініп, тағдырыма адами тұрғыдан атсалысты. Президенттің елде болып жатқан барлық жағдайдан шын мәнінде хабардар екеніне көзім жетті, деп мәлім етті ҚазАқпарат тілшісіне ауыр атлетикадан олимпиада чемпионы Илья Ильин.
- Спортшылардың денсаулықтарында проблемалар болып тұратынын ол кісі өте жақсы түсінеді. Өкінішке қарай, мен өзімнің басымдағы жағдай туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы айтуға мәжбүр болдым, - дейді чемпион.
- Илья, қазір денсаулығыңыз қалай?
- Менде омыртқа жарығы бар, бұл проблема 18 жасымда пайда болды. Маған жоғары білікті ем-дом қажет. Бірақ қазір мен үшін ең бастысы материалдық және тұрмыстық проблемаларымды шешу болып отыр. Мен сәбилі болдым, қыз бала дүниеге келді және маған отбасыма материалдық қолдау қажет. Бірде әуежайда мен Қызылорда облысынан сайланған Мәжіліс депутаты Болат Әбеновпен кездесіп қалдым. Мен ол кісімен жақсы таныспын. Ол кісіге барлық проблемаларымды, жалақымның жоқ екенін, баспана проблемаларын ашық айтып беруге тура келді. Халық қалаулысына рахмет, Спорт және туризм министрлігіне депутаттық сауал жолдады. Мүмкін, жақын арада менің проблемаларым шешіліп қалар.
- Омыртқаңызды қалай емдетпексіз?
- Омыртқа сүйегінің проблемалары бойынша нейрохирургияның үздік мамандары Германияда жұмыс істейді. Барлық суреттер мен талдауларды соларға жөнелттік. Олар зерттегеннен кейін, қандай ем-дом қолданылатыны анық болады. Мемлекет тарапынан көмек болады деп үміттенемін.
- Яғни, ауыр атлетикадан әлем чемпионатына сіз дайындалған жоқсыз ғой?
- Бейжіңдегі жеңістен екі сағаттан кейін мен жаттықтырушыларға 2009 жылғы әлем чемпионатына қатыспайтынымды мәлім еттім. Олар мені толық қолдады. Бұл жарыстарға қатысу мен үшін міндетті емес, себебі биылғы әлем чемпионатында лицензиялар сарапқа салынбайды.
Спортшыға рухани және денсаулық теңгерімі қажет. Ал мен қазір ондай жағдайда емеспін. Маған, ең алдымен, тұрмыстық мәселелерімді шешіп алуым керек. Келесі жылы лицензиялық чемпионат өтеді, мен соған дайындалмақпын. Табысты өнер көрсетемін деп үміттенемін. Оған қоса, маңызы жағынан Олимпиададан кейін Қазақстан үшін екінші орында тұрған Азия ойындары бар. Дәл осы жарыстарда мен өзімді көрсетуім керек.
- Жаттықтырушыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?
- Жасырмаймын, соңғы уақытта түсініспеушіліктер пайда болуда. Мен туралы «жұлдыз ауруына шалдықты» деп айтайтындай оларға негіз берген жоқпын.
- Бірақ сізді жаттығуға келмейді деп айыптап отыр ғой?
- Олимпиададан кейін өз өтінішімді жаттықтырушыларға ауызша айтқан болатынмын: маған қалпыма келуге уақыт керек болды. Олардың барлығы менің шешімімді бірауыздан қолдады да. Енді келіп, менің атыма «рапорт жазбады» деген айыптаулар айтылуда. Шынын айтсам, маған оны ешкім түсіндірген жоқ.
- Сіздің жарақатыңызды емдеуге жаттықтырушыларыңыз атсалысып жатыр ма?
- Әлем чемпионатына, олимпиадаға дайындалған кезде, олар мені алақандарына салып емдеді. Ал Бейжің Олимпиадасынан кейін менің денсаулығым оларды аса толғандырып отырған жоқ. Бірақ, барлық мәселенің түйіні шешіледі және мен Қазақстанға әлі талай жеңіс әперемін деп үміттенемін.