Көрші елдер Қазақстанды айналып өтіп, Каспий арқылы сауда жасауға уағдаласты

сауда
Фото: Midjourney

Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Каспий теңізі арқылы «Қырғызстан – Өзбекстан – Түрікменстан – Каспий теңізі – Ресей» жаңа халықаралық мультимодальды көлік бағытын құруға келісті. Аталған елдердің Көлік министрліктері бағдарды қалыптастыру және дамыту туралы меморандумға 2023 жылғы 1 қарашада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің транспорттық форумында қол қойды, деп хабарлайды Кazinform меншікті тілшісі.

Қырғызстан Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметінше, Қырғызстаннан жүктерді жеткізу Өзбекстан аумағы арқылы Түрікменстанның «Түрікменбашы» теңіз портына автомобиль және теміржол көлігімен, одан әрі Каспий теңізі арқылы Ресей теңіз портына дейін жүзеге асырылады.

Каспий теңізі акваториясындағы ауа райы жағдайына байланысты Қырғызстаннан Ресейге жүктерді жеткізу шамамен 5-10 күнге созылады.

Келісімді іске асыру жұмыстары Каспий теңізіндегі теңіз порттарының инфрақұрылымы дайын болғаннан кейін басталады деп күтілуде.

Ведомстводан атап өткендей, бұл көлік бағдарының келешегі зор. Жаңа дәліз – мультимодальды бағыт, оны пайдалану меморандумға қол қойған мемлекеттердің экономикасының дамуына серпін береді.

Соңғы жаңалықтар