Қоршаған ортаны қорғау: Балаларға арналған ғылыми және практикалық білім жүйесі әзірленеді

АСТАНА. KAZINFORM – Экологиялық жауапты мінез-құлық қалыптастыруға және экологиялық білім деңгейін арттыратын кешенді шешімдер қабылданады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев айтты.

Жомарт Әлиев
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

«Құжатта табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық қауіпсіздікке бағдарланған балаларға арналған ғылыми және практикалық білім жүйесі әзірленеді. 2029 жылға дейін «Жасыл балабақша» бағытына сәйкес 622 мектепке дейінгі ұйым құру, оқушылар арасында сынып сағаттарын, экологиялық жобалар конкурстарын өткізу жоспарда бар.

Қазіргі жетістіктерді ескере отырып, оқытушылардың біліктілігі арттырылады және білім беру бағдарламалары жаңартылады, экологиялық қауіпсіздікке жауапты басшыларды, мамандарды кәсіби қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады. Экология саласындағы білім беру бағдарламалары кәсіби стандарттарға сәйкес жаңартылады, бұл экологиялық міндеттерді тиімді шешуге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ведомство өкілі.

Спикердің айтуынша, университеттер аумағында көкөніс, жеміс-жидек және жеуге арналған шөптерді өсіретін «Community Gardens» қоғамдық бақтары ашылады, олар студенттерге экология, органикалық егіншілік және ауыл шаруашылығы негіздерін практикалық оқыту алаңына айналады, сондай-ақ олардың ұжымдық еңбек және қоршаған орта үшін жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

«Жоғары оқу орындарында қоғамдық көлікті, велосипедтерді және жаяу серуендеуді пайдалануды ынталандыру бойынша «Green Transportation Initiatives» бастамасын енгізу жоспарлануда. Осы бастамалар аясында жол жүру құнына жеңілдіктер беріледі, экологиялық таза көлік үшін велосипед жолдары мен автотұрақтар салынады. Бұл шаралар университет студенттері мен қызметкерлерінің көміртегі мөлшерін азайтуға, сондай-ақ экологиялық қауіпсіз қозғалыс тәсілдерін насихаттауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметшілер үшін экология және тұрақты даму бойынша біліктілікті арттыру курстарын енгізу көзделген, олар мемлекеттік қызметшілердің экология саласындағы білімін тереңдетуге және құзыреттерін дамытуға бағытталады. Осылайша, ұсынылған шаралар мен бастамалар экологиялық білім беру мәселелерін жан-жақты қарастыруға, халықтың түрлі санаттары арасында экологиялық ақпарат алу мен жауапкершілік деңгейін арттыруға, сондай-ақ заман талабына сай экологиялық сын-қатерлерге төтеп беруге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», - деді вице-министр Жомарт Әлиев.

Айта кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітілетінін хабарлаған едік.

Тұжырымдама аясында 2025-2027 жылдар аралығында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобалары іске асырылмақ.

Соңғы жаңалықтар