18:42, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық кодекс ережелерін қайта қарамақшы
АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық кодекс ережелерін қайта қарамақшы.
Бұл туралы бүгін аталған министрліктің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Нұрғали Әшімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Маған баяндалғанындай, қабылданып, қолданысқа енгізілген Экологиялық кодекс өзінің өмірге қабілеттілігін дәлелдеген. Дегенмен де, соған қарамастан министрлік құзіреттерінің қолданылуына қатысты Кодекс ережелерін қайта қарау керек деп санаймын. Осыған байланысты кодекс нормаларын пысықтап екі ай ішінде өз ұсыныстарыңызды енгізіңіздер», деді министр. Сонымен бірге, ведомство басшысы өнеркәсіп мекемелерінің табиғатты қорғау жөніндегі іс-шараларының жүзеге асыру жұмыстарын қадағалауды күшейтуді тапсырды. «Бүгінгі күні республикаға неғұрлым тиімді, қазіргі заманғы технологияларды тарту мәселесі де өзекті болып отыр. Бұдан басқа, министрлік қызметкерлері еліміздегі проблемаларды шешу үшін халықаралық ұйымдардың қаражатын тарту қажеттігіне назар аударуы тиіс. Бұл бағытта жұмыс күшейтуді қажет етеді. Осы ретте шикізаттың нөлдік құнына байланысты неғұрлым басым бағыт ретінде өндіру және тұтыну қалдықтарын қайта өңдеу саласын ынталандыру және қолдау керек», деді Н. Әшімов.