Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мемлекеттік тіл мәселесіне баса назар аударатын болады
АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мемлекеттік тіл мәселесіне баса назар аударатын болады. Бүгін аталған министрліктің алқа мәжілісі барысында ведомство басшысы Нұрғали Әшімов осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоршаған ортаны қорғау министрлігі іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге толық көшкен болатын. Сондықтан да, барлық жиналыстар мен мәжілістерді мүмкіндік болғанынша қазақ тілінде жүргізуіміз қажет. Әрине, мемлекеттік тілді меңгере алмаған қызметкерлерге қатысты ешқандай мәжбүрлеу шаралары, сөгістер жариялау қолданылмайды. Бұлай істеген заңсыз, әрі ондай кемсітушілік істеу біздің әдетімізде жоқ. Дегенмен де, мемлекеттік тілді игеруге ынта болса, оған барлық жағдайды қарастырамыз», деді Н. Әшімов. Оның айтуынша, тіл туралы заңда көрсетілген шаралардың барлығы тек қағаз жүзінде қалып қоймауы қажет. «Мемлекетті сыйлау, оның тілін сыйлаудан да басталады. Сондықтан да, қазақ тілін мүлдем білмейтіндер ең құрығанда баяндамаларын қазақша бастауға жаттығулары керек. Осылай істесек, бірте-бірте тілдің қолдану аясы да кеңи түседі», деді министр.