Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің жаңа қызметкерлері ант қабылдады
АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында салтанатты жиналыс өтті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Министрлік ұжымы және ведомствоға қарасты мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері алдында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров сөз сөйледі.
Өз сөзінде Н.Қаппаров жаңа мемлекеттік мерекенің Қазақстан халқының өз Көшбасшысына деген қолдауын бейнелейтіндігін атап өтті. Ол Елбасының тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ерекше рөлі туралы айтты.
Қазақстанның даму кезеңдері мен еліміздің халықаралық деңгейдегі рөлінің өсуі жөнінде мәлімдей отырып, министр еліміздің әрбір жетістігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тынымсыз ізденіс пен ұдайы еңбегінің нәтижесі деп қабылдау керектігі туралы айтты.
Салтанатты жиналыс барысында министрлік пен үкіметтік емес ұйымдардың озат өкілдерін «Экология саласының үздігі» және құрмет грамоталарымен марапаттау рәсімі өткізілді.
Сонымен қатар министрліктің жаңа қызметкерлерінің мемлекеттік қызметкердің антын қабылдау салтанаты болып өтті.
Жиналыс соңында Н.Қаппаров министрліктің, аймақтық департаменттердің және бағынысты ұйымдардың қызметкерлері Елбасының қойған міндеттерін жүзеге асырып, Қазақстан халқының игілігі үшін еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға күш-жігерлерін салатындығына зор сенімділігін білдірді.