«Көршіден қашанғы сүт сұраймыз» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 18 наурыз, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Әлеуметтік зерттеу жүргізіледі» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Ильдар Катеновтің және «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Юлия Кучинскаяның қатысуымен брифинг өтті. И.Катенов өз сөзінде 26 сәуірде Қазақстан өмірінде айрықша оқиға өтетінін тілге тиек ете келе, тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде бірнеше мәрте сайлау науқаны болғанын жеткізді. «Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда бірнеше мәрте сайлау өткізілді. Әр сайлау сайын осы үдеріске қатысушылардың саяси мәдениетінің артқаны аңғарылады. Еркін және ашық сайлау - қоғамда демократияны нығайтудың кепілі. Сайлау - әр азаматтың негізгі құқығы, оны пайдалану арқылы мемлекеттің бұдан арғы даму бағытын айқындауға болады. Бұл жағдайда, әр азамат сайлау науқанынан тыс қалмауы тиіс», деді И.Катенов. Бүгінде 500-ден астам үкіметтік емес ұйымның басын біріктіретін «Қазақстан азаматтық Альянсы» мемлекет қызметіне баға беріп, түрлі әлеуметтік зерттеу жұмыстарын жүргізеді. «Біз үшін алдағы ел Президентінің сайлауын бағалау маңызды. Қазақстанның азаматтық Альянсының 2012 жылы Парламенттің Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауында сайлауалды электоралды науқанын бақылауда тәжірибесі бар. Биыл да өткен сайлаудағыдай сол күні сайлаушылар сайлау учаскелерінен шыққаннан кейін сауалдама жүргізіп, әлеуметтік зерттеулер өткізуді көздеп отыр», - деді өз сөзінде атқарушы директор.
Бас басылымда «Өткенге тағзым - болашаққа тағылым» атты тақырыппен Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазының көлемді мақаласы берілген. «Яғни, біз ендігі жерде экономикамызды нығайта отырып, рухани тұрғыдан өзімізді өзіміз тануды мақсат етеміз, сол арқылы сыртқы сұрақтарға да жауап береміз. Олай болса, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту - осындай бірқатар мәселелердің түйінін шешетін, төл тарихымызды кезең-кезеңмен тезден өткізетін дүбірлі той деп есептеймін. Сондықтан мемлекеттік деңгейде бақылауға алып, бірқатар мақсаттарға қол жеткізу үшін іс-шараның маңызы мен нәтижесін белгілі деңгейде анықтайтын алғышарттарды іріктеп алғанымыз дұрыс», - дейді депутат.
***
Астанада өткен азық-түлік қауіпсіздігіне арналған конференцияда Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков кептірілген сүт ұнтақтарын «табиғи сүт» ретінде сататындарды сынға алып, дүкендердегі сүттердің тең жартысы Ресейден әкелінетін арзан ұнтақтардан жасалатынын, оны өндірушілер сүт қорабының сыртына «табиғи сүт» деп жазып, тұтынушыларды алдап келгенін айтты. «Жақында ғана Қостанайдағы сүт фермасы сүт зауыттары өнімін алудан бас тартқандықтан, 30 тоннаға жуық табиғи сүтті төгуге мәжбүр болған. Өйткені зауыттарға табиғи сүтті сатып алғаннан гөрі, Ресейден әкелінетін арзан ұнтақты пайдаланып, соны табиғи сүт ретінде саудаға шығару тиімді болып отыр», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Көршіден қашанғы сүт сұраймыз» атты мақаласында.
Осы газетте «Мұстафа салған сара жол» атты мақала берілген. Үстіміздегі жылдың 12-18 мамыр аралығында таэквондодан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл жарысқа әлемнің 130 мемлекетінен келген 800-ден аса спортшы қатысады деп күтілуде. Ерлер мен әйелдер арасындағы бәсекеде 16 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Бақ сынаушылар қатарында Қазақстанның ұлттық құрама командасы да бар.
«Соңғы екі әлем чемпионаты 2011 жылы Оңтүстік Кореяның Кенджу және 2013 жылы Мексиканың Пуэбла-де-Сарагоса қалаларында өтті. Өкінішке қарай, бұл жарыстарда жерлестеріміз жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Енді Ресейдегі бәсекеде сол олқылықтың орны толады деп үміттенеміз. Себебі, алты қырдың астында Рио-Де-Жанейро Олимпиадасы менмұндалап тұр. Ғаламдық додада отандастарымызға әзірге бір ғана жүлде бұйырды. 2008 жылы Бейжіңдегі бәсекеде Арман Шылманов қола медальді кеудесінде жарқыратты. Енді әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында қайта атой салатын кез келді. Сол жеңісті жол Челябіден бастау алса, тіптен керемет болар еді...», - деп жазады мақала авторы.
***
«Экспресс К» газетінің бүгінгі санында « Уроки в кайф » деген материал басылды. Өскеменде 16 жастағы колледж студенті партада отырып, есірткі саудалағаны үшін ұсталған болатын. Атап айтқанда операция барысында күдікті сабақ үстінде аудиторияда тұтқындалды. Оның үйін тінту кезінде де есірткі мен героин өлшеген электронды таразы табылды. Сот есірткі саудалаған студентті ерекше тәртіптегі тәрбиелеу колониясында он жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды.