Көршілес елдерден келетін адамдарды карантин бақылауы күшейтілді - Ерлан Қиясов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов коронавирустың таралуына тосқауыл қою бойынша мемлекеттік шекарадағы шаралар туралы түсіндірді, деп хабарлай ды ҚазАқпарат тілшісі.

Көршілес елдерден келетін адамдарды карантин бақылауы күшейтілді - Ерлан Қиясов

«Еуропа, ТМД елдерінде сырқаттанушылықтың жоғарлауын ескере отырып, әуе қатынасы қайта ашылған елдерден, сонымен қатар ЕАЭО елдерімен, Өзбекстан Республикасымен авто өту жолдары арқылы келетін адамдарды санитариялық-карантиндік бақылауды күшейту жөнінде шаралар қабылданып отыр», - деді Е. Қиясов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, келген адамдар термометриядан, сауалнамадан өтеді және COVID-19-ға тапсырған сәттен бастап үш тәуліктен аспайтын ПТР тест анықтамасын ұсынады. Анықтама болмаған жағдайда келгендер COVID-19-ға тексеру жүргізу үшін карантин стационарында екі тәулікке дейін оқшауланады.

«ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 2020 жылғы 6 қазандағы сағат 00:00-ден бастап ҚР Мемлекеттік шекарасын автомобильдік өткізу пункттері арқылы 33 600 еліміздің азаматы мен шетелдік, оның ішінде 10 051 жолаушы кесіп өтті. 3 322 адам карантиндік стационарларға орналастырылды, оның ішінде 60-ынан індет анықталды. Халықаралық авиарейстермен 14 832 жолаушы келді, оның 3 051-і тестілеуден өтті, 10 адамнан ауру анықталды», - деді Ерлан Қиясов.