12:19, 19 Наурыз 2017 | GMT +5
Қорық аумағында заңсыз аң аулаған браконьерлер тобы ұсталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысының Атбасар ауданында табиғи қорық аумағында заңсыз аңшылықпен айналысқан браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлердің мәліметі бойынша кеше,18 наурызда Сепе ауылының маңындағы табиғи қорықта заңсыз аң аулап жүрген 35-56 жас аралығындағы 8 адам қолға түскен. Ұсталған адамдардың бесеуі көкшетаулық та, қалған үшеуі Атбасар ауданының тұрғындары.
"Тексеру барысында олардан 7 аңшы мылтығы, 3 тегіс ұңғымалы мылтық, 4 шолақ мылтық, 4 қарда жүретін көлік жəне 11 жабайы доңыздың еті табылып, тəркіленді.Осыған байланысты ҚР ҚК 337 бабының 4 бөлімі бойынша (заңсыз аңшылықпен айналысу) сотқа дейінгі өндірістік іс қозғалды", деп көрсетілген хабарламада.