«Қорықтар туралы арнайы заң қажет» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 11 шілде,сәпсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Осы күндері Саха Республикасының Якутск, Мирный және Нерюнгри қалаларында «Азия балалары» атты V халықаралық спорттық ойындар өтуде. Оған 27 елден келген 2000 спортшы бақ сынасуда. Қазақстаннан барған 80 жас спортшы жарыс бағдарламасындағы 20 ойын түрінің 15-іне қатысуда. Ойындар 15 шілдеге дейін жалғасады. «Қазақстан делегациясы 140 жолаушымен 4 шілде күні таңда Алматы-Абакан-Якутск чартерлік сапарымен ұшып келді. Қазақстандықтарды қалыптасқан дәстүр бойынша ән-би, нан-тұзбен және қымызбен қарсы алды. Саха Республикасында 500-ден аса қазақ диаспорасы тұрады екен, олар ұлттық дәстүрді ұстанады. Қымызды да дайындаған осы қандастарымыз болса керек. Қазақ диаспорасы әрқашан біздің спортшыларды қолдауда белсенділік танытады. Осы төрт жылдықтағы ойындардан да олар тысқары қалған емес»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Азия балалары»: Жеті алтын жүлде» атты тақырыбымен берілген мақаласында.
Жапония Премьер-министрі Есихико Нода мен Ауғанстан Ислам Республикасының президенті Хамид Карзайдың төрағалығымен және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мен 56 елден келген жоғары дәрежелі өкілдердің және 26 халықаралық ұйымдардың қатысуымен Токиода Ауғанстан бойынша халықаралық конференция болып өтті. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың атынан сөз сөйлеген оның орынбасары Қайрат Сарыбай форумға қатысушыларды Қазақстан Үкіметінің Ауғанстан үкіметімен гуманитарлық салада өзара іс-қимыл шаралары, Ауғанстан халқына көрсетіліп жатқан көмектің сипаты мен көлемі туралы хабардар етті. Оның ішінде ауған азаматтарын 2012-2018 жылдар кезеңінде Қазақстан ЖОО-ларында оқыту жөніндегі арнайы бағдарламаның табысты жүзеге асырылып жатқаны атап айтылды. Қазақстан жол, мектеп, аурухана мен көпірлер құрылыстарын қоса алғанда, Ауғанстанның әлеуметтік инфрақұрылымдарын дамыту үшін айтарлықтай қаржылай көмек көрсетті, азық-түлік беру мәселесі де жүзеге асырылу үстінде, деді Қ.Сарыбай. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымы «Ауғанстанға арналған конференция» ақпаратында жазды.
***
Тұмса табиғаттың тылсым құбылыстарының мекені - қорықтар әр сәт сайын өзгеріске түсіп, адамның бей-берекет әрекетінен жөн-жосықсыз пайдаланылып келе жатқанын әркім біледі. Бірақ жылдан-жылға өркен жайып өсудің орнына өшкелі жатқан тылсым дүниені қалпына келтіру мәселесін естір құлақ табылмай тұрғандай көрінеді. Қара аспанды төндірудің басты себебі Қазақ елінің барша қорықтарының алдында тұрған өткір жағдай болып отыр. Бұл мәселе «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Қорықтар туралы арнайы заң қажет» атты тақырыппен жарияланған мақалада көтерілді.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында «Асқатық майды алыстан арбалай береміз бе?» атты тақырыппен мақала жарық көрді. «Күнделікті ас дайындауға мақсары майы, күнбағыс майын пайдаланатынымыз белгілі. Асқатық майдың араласпайтын жері жоқ. Тағамды онсыз дәмді етіп пісіру де мүмкін емес. Дүкен сөрелерінен «Қазақстанда жасалған» өнімді алайын десең, кейде емге таптырмайтыны бар. Есесіне, ресейлік «доня-понялардан» көз тұнады.... Отандық өнімдерді ысырып қойып, өзгенікіне өлерменденетіндер де жоқ емес»,-деп жазады басылым. Осы күнделікті тұтынатын өнім тұрғысында көтерілген мәселе жайында толығырақ білгіңіз келсе, осы мақаланы оқыңыз.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, Ақтау қаласында толассыз нөсер жауып, қала ішіндегі көлік пен жүргіншілер жолдарына су толып қалды. Күтпеген жауыннан көптеген жеңіл автокөліктер тұрып қалып, жаяу жүргіншілер су кешіп біраз әбігерге түсті. Мамандардың айтуынша, Ақтау қаласында 64 жаңбыр суы ағып кететін кәріз бар. Алайда бұл қалаға жеткіліксіз. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Ақ жаңбыр әбігерге түсірді» атты мақаладан оқыңыздар.
***
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Лондондағы ойындарға дайындалып жатқан елінің олимпиадалық құрамасымен кездесу барысында Тұманды Альбионда жеңіске жеткен спортшыларға төленетін қаржы жайында айтты. Атап айтқанда, биылғы Олимпиада сайыстарында «алтынға» қол жеткізген спортшы президенттен 520 мың АҚШ мың долларын, сондай-ақ оның үстіне қосымша 260 мың долларды Әзербайжанның ұлттық олимпиадалық комитетінен алады. «Экспресс К» тілшілері Лондондағы додада жеңіске жеткен жағдайда бірқатар елдер өздерінің спортшыларына қанша қаржы төлейтінін зерттеген көрінеді. Материал «У медали две стороны» атты тақырыппен басылған.