Қоржындарың медальға толсын - чемпиондар олимпиадашыларға сәттілік тіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Жазғы Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Қысқы олимпиадашыларға сәт сапар тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоржындарың медальға толсын - чемпиондар олимпиадашыларға сәттілік тіледі

Жақсылық Үшкемпіров, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы:

- Әрине, Жазғы Олимпиададағы жеңімпаздар мен Қысқы Олимпиададағы жүлдегерлерді әсте салыстыруға болмайды. Бірақ, екеуі де елдің абыройын асыратын, байрағымызды желбірететін, Әнұранымызды әуелететін дода. Сондықтан, Олимпиаданы қысқы, жазғы деп бөлуге болмайды. Екеуі де еліміз үшін маңызды. Біз Олимпиада ардагері болғандықтан барлығына бірдей тілекшіміз.  Пхенчханға бара жатқан спортшыларға мына біздің, яғни жазғы олимпиадашылардың жолын берсін. Ең бастысы, елдің абыройы, мерейіміз тасысын. Барлығына ақ жол тілеймін. Сәттілік жолдас болсын...

Бақтияр Артаев, Афина Олимпиадасының чемпионы:

- Қай спорт түрін алсақ та, қазақ елінде ең бастысы спорттық дәстүр, тамыры терең мектеп бар. Қысқы Олимпиада ойындарында Владимир Смирнов салған сара жол бар. Сондықтан, қазақ елінде жазғы спорт түрлері ғана дамыған, қысқы спорт мүлде қалып қойған деген жаңсақ пікірден аулақ болуымыз керек шығар. Қазіргі таңда қысқы спорт түрлері де жақсы дамып келеді. Қызығатын жастар да көп. Сол үшін алдағы Қысқы Олимпиадада спортшыларымыздан, яғни әріптестерімізден үлкен үміт күтеміз. Оларға тілейтінім тек сәттілік. Табысты өнер көрсетіп, елге аман есен жетсін дегім келеді.

Нұрбақыт Теңізбаев, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері:

- Жалпы Олимпиада ойындары қысқы болсын, жазғы болсын - алға қойған мақсаты бір. Сол спорттағы мықтыны анықтау, елдер арасындағы ынтымақтастықты арттыру және спортты насихаттау.

Қазір Қазақстан құрамасы Оңтүсітк Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына аттанып кетті. Өз кезегімде барша спортшыларға сәттілік тілеймін. Спортшының өз өнерін көрсететін ең жоғарғы жарыс деп Олипиада ойындарын айтар едім. Командамыз осы қысқы Олимпиададан жүлделі келіп, жанкүйерлерін қуантса екен деймін. Олимпиадалық спорт түрлерінің басқа спорт түрлеріне қарағанда, дайындық барысы, жарысқа дайындалуы және ол Олимпиадаға жолдаманы ұтып алуы - үлкен еңбекпен келетін жетістік. Сондықтан қысқы ойындарда өнер көрсететін спортшылардың дайындығы, қазіргі қобалжуын жақсы түсінемін. Өз атымнан қысқы Олимпиада ойындарына қатыстатын спортшыларға жетістік тілеп, еліміздің көк туын желбіретеді деген сенімдемін.

Болат Жұмаділов, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері:

- Олимпиада ойындары десе, жүрегіміз алып ұшып, баяғы өзіміз сынға түскен сәттер көз алдымызға елестеп кетеді. Олимпиада - спорттың төресі. Сондықтан Кореяға бара жатқан спортшыларымызға тек сәттілік тілеймін. Қоржындары медальға толсын. Еліміздің байрағын биіктен желбіретсін. Абыройымызды асырып, мерейімізді көтерсін. Жазғы олимпиадашылардың жетістігі оларға да жұғысты болсын дегім келеді. Олар туымызды желбіретіп барып, желбіретіп оралсын. Біз олар елге оралғанда бөркімізді аспанға атып, әуежайдан салтанатты түрде қарсы алатын күн болсын...