Қос палата арасындағы комиссия азық‑түлік қауіпсіздігі жөніндегі заң жобасын қарайды
АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты қос палата арасында келіспеушіліктерді еңсеру үшін келісім комиссия құрамына Сенат депутаттарын сайлады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасының мақсаты еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру болып табылады. Сондай-ақ жобада республика халқының азық-түлік тауарларымен өзін-өзі қамтамасыз етуінің жеткілікті деңгейіне қол жеткізу шаралары заң жүзінде қарастырылады. Құжатта еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылып, бұл бағыттың басымдығын ескере отырып, оны ұлттық қауіпсіздік тұрғысында қарастыру көзделген. Атап айтқанда, құжатта азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатер ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде қарастырылады. Осыған орай, қолданыстағы «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға «азық-түлік қауіпсіздігі» туралы ұғым енгізіледі және тәуелсіз мемлекеттің азық-түлігін сақтау үшін отандық агроөнеркәсіп кешенін орнықты дамыту ұлттық мүдделер тізіміне енгізілетін болды.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына Сенат 53 түзету енгізген болатын. Осының басым бөлігімен Мәжіліс депутаттары келіспеушілік танытқан болатын.