Қос палаталы Парламент республикалық және өңірлік мүдделерді толық қамтып отыр - А. Судьин
Бүгін Парламент Сенатында «Қазіргі заманғы парламентаризм: қалыптасуы, дамуы және заң шығару процесінде билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық конференцияда Сенат Төрағасының орынбасары Александр Судьин осылай мәлім етті.
«Қазақстандық парламентаризм өзінің тарихи кезеңінде жарқын оқиғаларға толы күрделі жолдарды жүріп өтті. Атап айтқанда, Қазақ хандығының құрылтай жиындарында халық өкілдерінің қатысуынан бастап, бүгінгі қос палаталы кәсіби Парламентке де жетті. Эволюциялық даму кезеңдері туралы айтқанда, еліміздің тағы бір тарихи парағына тоқталмай кетуге болмайды. Бұл қазақтан сайланған депутаттардың Ресей империясындағы бірінші және екінші Мемлекеттік Думасының жұмысына қатысуы. Ал бұдан кейінгі даму кезеңі Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі еді», деді А. Судьин.
Оның айтуынша, заманауи талаптарға сай келетін өкілдік орган тәуелсіздіктің 1995 жылы қабылданған Ата заң негізінде жүзеге асты. Осы Конституция бұған дейінгі мемлекеттік құрылымның олқылықтарын жойды.
«Бүгінгі қос палаталы Парламент жалпы республикалық және өңірлік мүдделерді тұтастай қамтып отыр. Осы арқылы құқықтың қазақстандық жүйесі қалыптасты. Республикада мемлекеттік құрылымды жетілдіру процесі ұдайы жүріп жатыр. Атап айтқанда, біздің демократиялық институттарымыз жетіліп, Елбасының бастамасымен бірқатар саяси реформалар жүзеге асты. Парламенттің өкілеттігі артып, саяси партиялар рөлі кеңейді», деді Сенат Төрағасының орынбасары.