Көшбасшы жастарға көп қаржысыз стартапты жүзеге асыру жолдары таныстырылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көшбасшы жастарға көп қаржысыз стартапты жүзеге асыру жолдары таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облысындағы «Зерен» республикалық жастар білім лагерінде еліміздің әр өңірінен жиналған көшбасшы жастарға «Астана-Хаб» технопаркінің мамандары тренинг өткізді.
«Біз Зерендіге жастарға стартап жасауына көмектесуге келдік. Мұндағы олардың ең басты қорқынышы, ол стартапты жүзеге асыруда үлкен қаражат пен команданы іздеуді қажет етуі. Қиындықтар әрине, көп. Сондықтан, менің басты мақсатым пайдалы және қызығушылық тудыратын өнімге басымдық бере отырып, стартапты үлкен қаржысыз-ақ жасауға болатынын түсіндіріп, үйрету»,- деп атап өтті «Астана-Хаб» технопаркі «Kompra» компаниясының директоры Асхат Серғазин.
Сонымен қатар, ол «Астана-Хаб» білім беру, сынақтан өткізу бағытында даму үшін көмектесетін бірінші кезекте қауымдастық екенін атап өтті.
«Сондықтан, «Астана-Хаб» базасында жиналған трекерлер қалыптасқан стартап-командаларға өздерінің лайықты орнын, табыс әкелетін өнімдерін және клиенттерін табуға көмектеседі. Шараның алғашқы күні жастарда өздері ашқысы келетін мобильді қосымшалары туралы бірнеше идеяның барына көз жеткіздік», - деп толықтырды Асхат Сергазин.
Еске сала кетейік, кеше Ақмола облысының «Зерен» сауықтыру орталығының базасында «Зерен» республикалық жастар білім лагерінің «Digital-ұрпақ» атты бірінші ауысымы ресми түрде ашылған болатын. Оған еліміздің әр өңірінен келген жастар ұйымдарының көшбасшылары, жас кәсіпкерлер, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушылары құралған 300 жас қатысуда. Лагерь 12-26 тамыз аралығында 3 тақырыптық ауысымда өткізіледі.