«Көшбасшы жолы. Астана» фильмінің трейлері жарияланды
«Достар, «Көшбасшы жолы. Астана» фильмінің ресми трейлерін таныстыруға қуаныштымыз. Фильмді 16 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көруге болады», - деп жазды режиссер Ақан Сатаев Instagram парақшасында.
Кинотуынды «Көшбасшы жолы» киноэпопеяларының кезекті бөлімі болып табылады. Картинада Қазақстан астанасының қалыптасу тарихы, оның бой көтеруі барысындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі баяндалады.
Фильмде 1994 жылдың шілдесінде Алматы астанасын Ақмолаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылдануымен байланысты оқиғалар көрсетілген.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Көшбасшы жолы. Астана» киноэпопеясының соңғы түсірілімі жүріп жатқанын хабарлаған болатынбыз. Бұған дейін қазақстандықтардың назарына киноэпопеяның 5 бөлімі ұсынылған еді.