Көше өнері мен вандализмді қалай ажыратамыз — сарапшының пікірі
АСТАНА. KAZINFORM — Рұқсат етілмеген граффити мәселесі тек қалалық ортаның эстетикасына ғана емес, сонымен қатар қоғамдық кеңістікті құрметтеуге және меншік құқығына да қатысты мәселе болып отыр. Бұл жайлы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның Экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі көше өнері мен вандализмнің ара жігін ажыратып, ұғымдарға нақты анықтама беру қажет.
— Қазіргі заманғы қалалық өнер мен вандализм арасындағы шекараны анықтау қажет. Маған салса, бұл екі ұғымның ара жігін ажыратып, нені вандализм, нені граффити деп атау қажеттігін нақты көрсетер едім. Кейде граффити талант иесінің туындысы болуы да мүмкін, — дейді Айгүл Соловьева.
Ол кескіннің мазмұнын немесе көркемдік тұсын ғана емес, сонымен қатар оның немен салынған да ескеру маңызды екенін атап өтті.
— Шығармашылық дегеніміз — өз ойын білдірудің мүмкіндігі. Бірақ біреу тұрғын үйдің, инфрақұрылым нысанының немесе қоғамдық ғимараттың қасбетіне рұқсатсыз салып кетсе, бұл бөтеннің мүлкіне және қаланың меншігіне қол сұғу емес пе деген заңды сұрақ туындайды, — деп атап өтті сарапшы.
Оның пікірінше, өнер мен вандализмнің арасын ажыратарда, сурет салушы меншік иесінің немесе уәкілетті органның келісімін алды ма, қасбетке зақым тигізді ме, оны тазалау немесе қалпына келтіру қажет пе — міне осыларды ескеру қажет. Ол ғимараттың мәртебесі, зақымдану дәрежесі және сурет салудың жиілігі маңызды.
— Тіпті көркем орындалған жұмыстың өзі де меншік иесінің келісімінсіз салынса, мүлікке зиян келтіруі мүмкін, — деп атап өтті ол.
Соловьева қалалық ортаны бағалау кезінде тұрғындардың пікірлері мен қазіргі үрдістерді ескере отырып, талқылауға қаланың қоғамдық кеңестері қатысуы керек деп санайды.
Сарапшы сонымен қатар мәселенің ауқымын — шағымдар санын, мүлікке келтірілген зақымды және граффитиді тазалау мен қайта бояу шығындарын объективті бағалау үшін жүйеленген статистика қажет екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, 19 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке ғимараттардың қабырғасына граффити салатын тұлғаларға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің қалаларында бұған жол бермеу керек. Сондай-ақ әлемде вандализм мен бұзақылықтың сорақы көрінісі саналатын, қоғамдық орындарды бүлдіретін «шығармашылықтың» мұндай түріне толық тыйым салатын заңдық-нормативтік шаралар қабылдаған жөн.