Көше өнерпаздары қайыршылар емес - 80 жастағы саксафоншы

Алматының Арбаты өнерпаздардың үлкен сахнасына айналған. Көшеде өнер көрсететіндердің арасында музыкалық білімі бары да, жоғы да кездеседі. Солардың ең үлкені – Амангелді Құмықбаев. Сексенің сеңгіріне шыққан алматылық қариямен Kazinform тілшісі әңгімелесіп қайтты.

саксафон
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

– Амансыз ба, ата? 10 күндей болды Арбатта саксафонның сырлы үні естілмей қалды, сырқаттанып қалған жоқсыз ба?

– Қалым жақсы, қалқам, дұрыс байқапсың Арбатқа келмегенме екі апта болды. Әулеттің үлкені, қариясы болғандықтан құрметтеп шақыратын жер көп. Оған бармасаң тағы болмайды. Елге барып қайттым.Мен Тараздың тумасымын. 1982 жылы Талғарға көшіп келгенбіз.

– Көше өнерпаздарының арасында тума таланттар көп. Сіздің музыкалық біліміңіз бар ма?

– Музыкалық білімім бар. 1964 жылы Шымкент қаласында орналасқан музыкалық учелищенің үрмелі аспаптар класын тәмамдадым. Оңтүстік Қазақстанда, Таразда театрда жұмыс істедім. Өмір бойы осы өнер саласында еңбек еткен адаммын.

Адам өте жақсы есту қабілетімен музыкалық аспаптарда нотасыз ойнауды үйрене алады. Қарапайым аккордтарды таңдап үйрену әнге сүйемелдеу табу үшін жеткілікті болуы мүмкін. Бірақ күрделі музыкалық шығармаларды орындау үшін ноталарды білу қажет. Өзім 14 жасымнан бері саксофонымды қолымнан түсірген емеспін. Жалпы, үрмелі аспаптың кез келгенінде ойнай аламын.

– Кейбір адамдар көше музыканттарына нәпақа табу үшін амалдап жүрген жандар деп қарайды...

– Арбаттағы көше өнерпаздарын жағдайы төмен немесе қайыршы деп қабылдау қате пікір. Мен түрлі сахнада өнер көрсеттім, әртүрлі концерттерім болды, бірақ көшенің орны бөлек екен. Оны осы қартайған шағымда түсіндім. Үйде төрт қабырғаға қарап отырғым келмейді. Қала тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтеріп, оған қоса азын-аулақ табыс тауып жүргенім рас. Бірақ, ақша мені қызықтырмайды. Шүкір, зейнетақы алып отырмын, сол да жетеді. Тыңдаушыларымның қошеметінен шабыт аламын. Ұдайы халық алдында болу – біздің талантымызды шыңдай түседі. Маған елмен сөйлесіп, араласып отырған ұнайды. Алматы – әсем қала. Орталығы тіптен керемет. Осы Арбатқа келіп сергіп қаламын.

– Репертуарыңызда қанша музыкалық композиция бар?

- Репертуарымда мыңға тарта музыкалық композиция бар. Көбіне ретро әндерін орындаймын. Бас кезінде Арбатта өнер көрсету ыңғайсыз сияқты болып көрінген. Кейіннен бойым үйреніп кетті. Жаңа атап өткенімдей, сүйікті ісімнен қуат аламын. Замандастарым арқамнан қағып қояды, жастар жағы саксафонның ерекшелігі туралы айтып беруімді сұрайды, өзің сияқты менімен сұхбаттасқысы келетіндер бар. Міне, осының бәрі менің көңіл күйімді көтереді.

– Отбасыңыз, балаларыңыз туралы айтып беріңізші...

Екі ұл, бір қызым бар. Кемпірім екеуміз солардан тараған немере, шөберенің қызығын қызықтап, рахатына бөленіп отырған бақытты ата-әжеміз. Арбатта тапқан табысыма сол кішкентайларға тәттілер сатып аламын. Осының өзі зор бақыт. Апаларың шахматты керемет ойнайды. Осы күнге дейін жеңіп көрген емеспін.

– Емен-жарқын әңгімеңізге рахмет!