Көше тазалайтын маман: Көлік иесінің не ойлап бара жатқанын қабағынан оқып отырам

None
Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Маман монологы» айдарының бұл жолғы кейіпкері – Қуаныш Елтаев. Астана көшелерінің шаңын басу үшін су шашып жүретін көлікті тізгіндегеніне 10 жылдан асыпты. Қыста бұл көліктер тұмсығына күрек орнатып, қармен арпалысады. «Жұмыстың оңайы жоқ» қағидасын ұстанатын кейіпкеріміз еті үйреніп, аяқ-қолы машыққан жұмысын басқа жұмысқа айырбастауды ойламайтынын айтады. Басқа айтқандарын өз аузынан ұсынып отырмыз.

Қуаныш Елтаев, «Астана Тазалық» ЖШС-нің арнайы техника жүргізушісі:

Мен бұл мекемеде арнайы техника айдаймын. Ол көлікке қыста қар күрейтін күрек, жазда су шашатын себезгі құрал орнатылады. Кейбір таныстар әзілдеп, кейбірі шындап сұрап жатады: «Көшені жуғанда қандай сабын қосасыңдар?», - деп. Біз көше жумаймыз. Ол – басқа техника. Біздікі қаланың шаңын басу үшін техникалық су себу ғана.

... 2009 жылдан бері осы мекемеде жұмыс істеп жүрмін. «Қала тазалығына жауапты орынға жұмысшы алып жатыр» деген хабарлама бойынша келген едім. Содан бері табан аударған жоқпын. Әуелі механизатор болып кіргенмін. Кейін осы көлікке ауыстым.


...Бір қараған адамға көлік кабинасында отырып, керекті тетікті қозғап қана су сеуіп шығу оңай жұмыс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ жұмыстың оңайы болмайтынын еңбек етіп көрген адамның бәрі білетін шығар. Бізге өте мұқият болу керек. Су сеуіп келе жатқанда артына қарамастан, алаңсыз кетіп бара жатқан жүргіншілер шығады. Үстіне су шашырамас үшін сигнал беріп, назарын аудартамыз деген сияқты. Көлігін жаңа ғана жудырып шыққан кейбір жүргізушілер біз жанынан су шашып өткенде қынжылғанын қараған қабағынан көріп қаламыз. Сумен бірге көлікке ұсақ тастар шашырауы мүмкін. Оны да қаперде ұстау қажет. Мұқият болуымыз керек дегенім сол.


...Қыста көлігіме күрек орнатады. Ол жұмыстың өз қиындықтары бар. Бірақ жазда жұмыс оңайлап, қыста қиындайды деп айтпас едім. Жаздағы жұмыс пен қыстағы жұмыстың еш айырмашылығы жоқ. Көшенің бойына қаңтарылған көлік қыста қандай кедергі келтірсе, жазда да солай жұмысты қиындатады. Жалғыз айырмашылық бар шығар. Жазда күнге күйіп, «загар аламыз». Ал қыста тоңамыз. Айырмашылығы сол ғана.

...Айлық мәселесі бізде жұмыс істеген уақытқа байланысты. Ауысымға неғұрлым жиі шықсақ, табыс соғұрлым көбірек болады. Кімнің денсаулығы мықты, отбасылық жағдайы оңтайлы, уақыты мол болса, сол көбірек шығады дегендей ғой.

...Ұжымда жастар аздау. Көбінесе орта жастағы адамдар жиналғанбыз. Жас дегендерің өзі 30-дан асқандар.


...Астаналықтарға біздің жұмысымызға түсінушілікпен қарасаңыздар деуші едім. Не істесек те, қаланың тазалығы үшін, тұрғындарға қолайлы болу үшін істейміз. Қыста жол бойына көлік тастайтындар көбейеді. Соның салдарын ойласа екен дейміз.

...Қар сағаттап, тәуліктеп жауған кезде жұмысқа сын айтушылар көбейеді. Бірақ толассыз жауған қармен арпалысу оңай емес. Жаңа ғана күреп кеткен жеріңді қайтадан басып тастайды. Қыста тоқтаусыз жұмыс істейтін кезеңдер жиі болады. Жалпы қыста жұмыс мазасыз болып кетеді.

Ондай кездерде осы жұмыстан кету керек деп жататын әріптестерім болады. Ол сөздер бізге де ой салады. Бірақ адамның ойы құбылмалы ғой. Жүре бересің. Басқа жерге барғанда да бәрі бір сондай жұмыс істейсіз.


Соңғы жаңалықтар