Көшені ластаған оралдық тұрғын бір тәулікке қамауға алынды
ОРАЛ. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Соңғы кездері Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына тазалыққа қатысты 40 әкімшілік материал түсті.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен Гүлмира Кенжеғалиеваның хабарлағанындай, оның барлығы қоғамдық орындар мен қоршаған ортаны ластауға байланысты. Елбасымыздың сөйлеген сөзінен кейін еліміздің полицейлері қоғамдық және өзге де жерлерде ластауға жол берген жандарға шара қолдана бастады.
Оралдағы мамандандырылған әкімшілік соты жаяу жүргіншілер жолына үш пластикалық ыдыс пен полиэтилен пакетін лақтырған қала тұрғынының ісін қарады. Құқық бұзған әйел адам сол кезде мас күйде болған. Бұдан бөлек, ол бұрын да ұсақ бұзақылықпен ұсталып, оған әкімшілік айыппұл салынған. Алайда, ол айыппұлын төлемеген. Сот осы жағдайларды ескере отырып, әйелді 1 тәулікке қамау жөнінде қаулы алды.
Қалған істерге байланысты айыппұлдар салынды.