Көшербаев пен Әбішев Сырдария арнасын тексеріп шықты
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпарақта қарағанда, олар бейінді мекеме басшыларымен бірге Шиелі ауданындағы бөгетті тексеріп, Сырдария ауданындағы жаңа көпірді, Қармақшы ауданына қарасты Жаңажол ауылдық аймағының төңірегін қарап шыққан.
«Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуірінде Сырдарияның су жіберу көрсеткіші шамамен 13 млрд. текше метр болды. Мұндай көрсеткіш соңғы 117 жылдың ішінде тек 1969 жылы ғана болған еді. Су көлемі тағы да артуы мүмкін. Өйткені, болжамға сәйкес 2-16 мамырда нөсер жауын жаууы мүмкін. Оның үстіне Қаратау шыңдарының қары әлі еріген жоқ. Бірақ, тұрғындар үшін айтарлықтай қауіп те жоқ. Өзен арналарының бойында жауапты тұлғалар белгіленіп, кезекшілік қойылған», - деді Ислам Әбішев.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, өңірдегі елді мекендердің 85, халқының 93 пайызы Сырдария өзенінің бойында қоныстанған.
«357 мың адам тұрып жатқан 56 елді мекенге қауіп төніп тұр. 84 мың үй мен 247 мың бас мал су басуы мүмкін аумақта тұр. Сондықтан біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Су ресустары комитетімен, төтенше жағдайлар органдарымен, жергілік кәсіпкерлермен бірлесіп, су тасқынының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеудеміз. Бұған қоса өткен аптада ҚР Премьер-Министрімен Шиелі ауданында сыйымдылығы 600 млн. текше метр болатын Күміскеткен су қоймасын салу жобасы талқыланды. 15-20 мамырға дейін мына үлкен судың үлкен проблемаға айналмауы үшін төтенше жағдай режімінде жұмыс істейтін боламыз», - деді Қ.Көшербаев.