Көшет отырғызу акциясы аясында қазақстандықтар 500 мыңға жуық ағаш отырғызады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі екі жыл қатарынан «Бүкілқазақстандық көшет отырғызу күні» акциясын өткізуде. Шараның басты мақсаты қазақстандықтарды табиғатты аялауға шақыру, ормандарды қалпына келтіру және сақтау, сондай-ақ қалалармен елді мекендер айналасын бірлесіп көгалдандыру. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Акция барлық облыс орталықтармен Астана және Алматы қалаларында өтеді. Көшеттерді егуге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, табиғат қорғау мекемелерінің, мемлекеттік және жеке кәсіпорындардың, жастар бірлестіктерінің өкілдері мен мемлекеттік орман иелері қатыспақ. Акция аясында елімізде 500 мыңға жуық ағаштар мен бұталарды отырғызылады», делінген баспасөз баянында.
Айта кетерлігі, былтырғы жылы мұндай акцияға 226 мыңнан астам адам тартылып, 660 мыңға жуық көшеттер отырғызылған.