Көшеттен шырынға дейін: алма өсіру технологиясы және аты аңызға айналған апортты қайта жаңғырту жолы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жыл сайын нарыққа 260 мың тонна алма шығарылады, ал тұтыну көлемі 400 мың тоннаға жуық. Қалған сұранысты импорт есебінен жауып отырмыз. Отандық шаруашылықтар нарықты неге игере алмай отыр, салада қандай мәселе бар? Сауалдарға жауап іздеу үшін Kazinform тілшісі Алматы облысындағы алма бақтарын аралап, заманауи технологиялардың бау-бақша шаруашылығын қалай өзгертіп жатқанын және неліктен апортты бұрынғы көлемде өсіру қиын екенін зерттеп көрді.
Алматының тау бөктері ежелден жеміс-жидек өсіруге қолайлы. Мұнда күн шуақты, түн қоңырсалқын. Теңіз деңгейінен биіктікте орналасуы өсімдік атаулыға аса жайлы. Мұндай климаттық ерекшелік алма өсіру үшін де керек. Жемістің түсі, тығыздығы мен дәмі де осы факторларға тікелей байланысты.
Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры аясында Еңбекшіқазақ ауданындағы жеміс бақтарының біріне бардық.
Шаруашылықтың жұмыс істеп келе жатқанына 13 жыл болған. Мұнда алманың бірнеше түрі бар, көшет өсіру бағыты да дамып келеді. Жалпы аумағы шамамен 130 гектарды құрайды. Соның 70 гектарға жуығынан жыл сайын 3,5 мың тоннадай алма жиналады. Қазір бақтың аумағы біртіндеп кеңеюде.
Жеміс көлемі – көшеттен
Алма ағашының өнімділігі көшет кезіндегі бабына қарай құбылады екен. Apple Bee кәсіпорнының директоры Олжас Сыбанбаев бір-екі жылдық жас көшеттерді көрсетіп, олардың қалай өсірілетінін түсіндірді.
Байқағанымыз, бақта Gala, Golden Delicious, Red Delicious және Granny Smith секілді бірнеше алма сорты өсіріледі. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар: дәмі, тығыздығы, түсі, сақтау мерзімі әртүрлі.
Маманның айтуынша, тау бөктеріндегі аймақтың басты ерекшелігі – күндізгі және түнгі температураның айырмашылығы. Күндіз алма күн сәулесін жеткілікті мөлшерде сіңірсе, түнде таудан соққан салқын ауа жемістің жетілуіне әсер етеді. Бұл, соның ішінде, алманың түсіне ықпал етеді екен.
– Алманың дәмі, ең алдымен, құрамындағы қантқа байланысты. Алматы өңірінде өзіндік ерекше дәмі бар, хош иісті алма өседі. Мұндай дәм барлық жерде жоғары бағаланады, – деп толықтырды Олжас Сыбанбаев.
Дегенмен заманауи бақтың тиімділігі қолайлы климат пен адам еңбегіне ғана байланысты емес.
Алма арасындағы жасанды интеллект
Қазір шаруашылықта тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Ұңғымалардан алынған су алдымен арнайы резервуарларға жиналып, кейін тікелей ағаштардың түбіне жетеді.
Сумен бірге фертигация жүйесі арқылы өсімдіктерге қажетті қоректік заттар беріледі. Мұндай тәсіл суды бақтың бүкіл аумағына бірдей шашпай, оны тікелей ағаштың тамырына ғана жеткізуге мүмкіндік береді.
Бес гектар аумақтағы тағы бір технология – ағаштың үстінен суару жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Жаңа әдіс көктем айларында гүлдеген ағаштарды үсік шалудан қорғайды. Ал жазда бақтағы температураны төмендетіп, аптап ыстықтың бетін қайтарады екен.
Apple Bee кәсіпорнының директорының сөзінше, шаруашылықтағы алманың өсу барысы жасанды интеллект көмегімен бақыланады.
– Жемістердің даму барысын бақылау үшін жасанды интеллектіні қолданамыз. Ол бізге спидометр іспетті. ЖИ арқылы жемістің барлық кезеңін көре аламыз: ағаштың гүлдеуін, жеміс түйіндерінің қалыптасуын бақылаймыз. Кейін жемістер қорек үшін бір-бірімен «таласады», сондықтан артығын алып тастаймыз. Содан соң қалған алмалардың қажетті мөлшерге дейін өсуін қадағалаймыз, – деп түсіндірді кәсіпкер.
Жемістің көлемі экономикалық тұрғыдан маңызды. Тым ұсақ немесе шамадан тыс ірі алманы сату қиын. Маманның айтуынша, ТМД елдерінің нарығында диаметрі 70 миллиметр болатын орташа көлемді алма сұранысқа ие.
– Әр сорттың өзіне тән өлшемі бар, сол талапты сақтауымыз керек. Егер ұсақ алма өсірсек, оны сату қиын болады. Тым ірі алма да нарықта өтпей қалуы мүмкін. Сондықтан барлық жеміс белгілі бір өлшемге сай болуы қажет, – деді ол.
Қызығы, жеміс диаметрінің небары бір миллиметрге ұлғаюының өзі бақтың жалпы өнімділігіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін екен.
Бір гектардан 70 тоннаға дейін өнім алынады
Көпшілік алма бағын жайқалған, еңселі ағаштармен елестетеді. Ал бұл шаруашылықтағы көрініс мүлде өзгеше. Ағаштар бір-біріне жақын отырғызылған, олардың пішіні арнайы реттеліп, нәтижесінде жеміс беретін тұтас қабырғаға ұқсас құрылым қалыптасқан.
Бір гектар жерге шамамен төрт мың түп ағаш отырғызуға болады. Олжас Сыбанбаевтың айтуынша, шаруашылықтың кей учаскесінде соңғы екі жыл бойы әр гектардан 70 тоннаға дейін алма жиналыпты.
– Қазақстанда алма бақтарының жалпы аумағы шамамен 26 мың гектарды құрайды. Ал өндіріс көлемі 260 мың тоннаға жуық. Демек, орташа өнімділік гектарына шамамен 10 тоннадан келеді. Ал біздің тәжірибелік учаскеде гектарынан 70 тоннаға дейін өнім аламыз, – дейді Олжас Сыбанбаев.
Биыл шаруашылықта шамамен 3,4 мың тонна алма жиналған. Бақтың бір бөлігінде ағаштар қайта егілгенін ескерсек, орташа өнімділік гектарына 50 тонна шамасында.
Дегенмен мол өнім алумен бақ шаруашылығы қаржылай табысқа кенеле бермейді. Алманы өсіруге қанша қаражат жұмсалатыны және оны қандай бағамен сатуға болатыны да табысқа әсер ететінін ұмытпаған жөн.
Бақта – 300 теңге, дүкенде – 600 теңге
Алманың өзіндік құны әр шаруашылықта әртүрлі. Оған жұмысшы санына, техникаға, тыңайтқыштарға, суға кететін шығын әсер етеді. Apple Bee кәсіпорнында алманың көтерме саудадағы орташа бағасы келісіне 300 теңгеден 400–450 теңгеге дейін жетеді.
– Мысалы, алманы 400 теңгеден жеткізсек, сауда желісі үстеме бағасын қосып, оны тұтынушыға орта есеппен 550–600 теңгеден сатады. Баға өңірге де байланысты. Мәселен, Астанаға жеткізген кезде логистика шығындары қосылады, – деп ашып айтты шаруашылық иесі.
Компания өнімінің 60 пайызын ішкі нарыққа, қалған 40 пайызын экспортқа жібереді. Алманы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан кәсіпкерлері көп алады екен.
Қазақстан неліктен алма импорттайды?
Қазақстан әзірге ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Олжас Сыбанбаевтың пікірінше, елде жыл сайын 260 мың тонна алма өндіріледі, ал тұтыну көлемі 400 мың тоннаға жуықтайды. Осы екі көрсеткіштің арасындағы айырмашылық импорт есебінен өтеледі.
– Қазақстанда алма жеткіліксіз. Жемісті Польшадан, Қытайдан, Ираннан және көршілес мемлекеттерден импорттаймыз. Алма бақтарын кеңейтіп, заманауи жеміс қоймаларын салатын болсақ, болашақта ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортты дамытуға мүмкіндік туады деп ойлаймын, – дейді ол.
Саладағы тағы бір мәселе – көшет сапасы.
Бағбандардың айтуынша, шетелден әкелінген көшеттер Қазақстанның шұғыл континенттік климатына әрдайым бейімделе бермейді. Қысы жылы өңірлерде өсірілген ағаштар мұндағы қатты аязға, жазғы аптапқа тап болады.
– Қазақстанның климаты шұғыл континенттік: қысы суық, жазы ыстық, ал өсімдіктердің вегетациялық кезеңі, мысалы, Еуропамен салыстырғанда қысқа. Бағбандар осы мәселеде өзекті. Мәселен, Польша, Түркия немесе Нидерландтан әкелінген көшеттер жергілікті климатқа бейімделе алмады. Соның салдарынан көп бағбан, соның ішінде біздің шаруашылық та, едәуір шығынға ұшырады, – деп толықтырды Олжас Сыбанбаев.
Кей шаруашылық шетелден әкелінген көшеттерді отырғызғаннан кейін үш-төрт жыл ішінде ағаштарының жартысына жуығын жоғалтқан. Сондықтан көшеттерді жергілікті жерде өсіріп, бастапқы кезеңнен-ақ Қазақстанның климаттық жағдайына бейімдеуге шешім қабылдаған дұрыс.
– Көшеттерді осында өсіріп, жергілікті климатқа бастапқы кезден бейімдеуді ұйғардық. Қызылшарық ауылындағы бағымызда он жылдан бері өсіріліп жатқан ағаштар бар. Осы уақыт ішінде қурап қалған ағаштардың үлесі 5 пайыздан асқан жоқ, — дейді кәсіпорын басшысы.
Апортты қайта өсіруге қанша жыл керек?
Өңірде өсірілетін алма сорттарының арасында алматылық апорттың орны ерекше. Ол ежелден Алматының символына айналып, Қазақстанның танымал брендтерінің қатарынан орын алды. Дегенмен бүгінде аталған сортты дүкен сөрелерінен аз көреміз.
Мұның себебі тек Алматы апортының аздығында емес. Апорт өсіру көп уақыт пен қомақты инвестицияны қажет етеді. Заманауи алма сорттары отырғызылғаннан кейін көп ұзамай жеміс берсе, апорттан толыққанды өнім алу үшін бірнеше жыл күтуге тура келеді.
– Апорт өсіруге мүдделіміз. Қазір компания көшет өсіретін тұқымбақ ретінде апортты қайта жаңғырту бағдарламасына қатысып жатыр. Телу жұмыстарын жүргізу үшін вирустардан тазартылған материал күтіп отырмыз. Алайда апорт өсіру үшін ағашты ұзақ уақыт бойы күтіп-баптау қажет. Фермер алғашқы өнімін тек сегізінші жылы ала алады.
Бұл сортты өсіруге жұмсалатын инвестиция көлемін арттырады. Сондықтан бизнес барлық ресурсын тек апорт өндірісіне бағыттай алмайды. Осы себепті стратегиямызда жыл бойы тұтынушылар сұранысына ие алма сорттарын өсіру қарастырылған. Ал апортты тарихи мұрамыз әрі қазақстандық бренд ретінде бағалаймыз. Оны бірлесіп қайта жаңғыртуымыз керек, – деген ойда Олжас Сыбанбаев.
Апорт аз болғандықтан, бағасы да жоғары. Кәсіпкердің айтуынша, нарықта алматылық апорттың келісі 1 500 теңгеден басталады. Келешекте өнім көлемі артса, жағдай өзгеруі ықтимал.
Өңірде алма бақтарының аумағы ұлғаяды
Апортты қайта жаңғырту жұмысы облыстық деңгейде жүргізіліп жатыр. Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықовтың ақпаратына сүйенсек, қазір өңірдегі алма бақтарының жалпы аумағы шамамен 7,7 мың гектар. Негізгі бақ Талғар, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан. Соның 1,4 мың гектарға жуығына апорт егілген.
– Бейінді ғылыми институттармен бірлесіп, апорт көшеттерін өсіру және отырғызу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл іске фермерлер атсалысуда. Сонымен қатар облыста алма кластері қалыптасып келеді. Оған ғылыми-зерттеу институттары қатысады, – деді Димаш Сыдықов.
Өңірдің жоспары ауқымды. Алдағы уақытта алма бақтарының жалпы аумағын қазіргі 7,7 мың гектардан 40 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Ал апортты қайта жаңғыртуға қажетті қаражаттың нақты көлемі әзірге есептеліп жатыр. Бұл жұмыс Ауыл шаруашылығы министрлігімен және қаржы институттарымен бірлесіп жүргізілуде.
– Апорттың бір ерекшелігін ескеру қажет: ол толыққанды өнімді тек жетінші-сегізінші жылы береді. Ал басқа сорттар екінші жылдың өзінде жеміс бере бастауы мүмкін, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Осылайша, әйгілі сортты қайта жаңғырту бір маусымда жүзеге асатын шаруа емес. Алдымен отырғызылатын көшетті өсіріп, бақ қалыптастыру керек. Одан кейін алғашқы өнімді алу үшін бірнеше жыл күтуге тура келеді.
Алма шырынға қалай айналады?
Сатылмаған алма қайда кетеді? Осы сұрақтың жауабын білу үшін келесі нысанға – Еңбекшіқазақ ауданындағы жеміс-жидек пен көкөністі өңдеуге арналған «Есік жеміс-консерві зауытына» бардық.
Алма жинау науқаны қызған кезде зауытқа жеміс үздіксіз жеткізіліп тұрады. Маусым барысында кәсіпорын қазақстандық бағбандардан шамамен 7–9 мың тонна алма сатып алады. Одан алма езбесі мен қоюландырылған шырын өндіріледі. Сонымен қатар зауытта өрік, асқабақ және қызанақ та өңделеді.
Алма маусымы шамамен 15 тамызда басталып, қазан айының соңына дейін жалғасады. Зауыт директоры Бақыт Болысбаевтың айтуынша, кәсіпорын пайдаланатын алманың шамамен 20 пайызын өздері өсіреді, қалғанын аудан бағбандарынан сатып алады екен.
– Жылына шамамен екі мың тонна алма езбесін және 1,5 мың тонна концентрат өндіреміз. Биыл тікелей сығымдау арқылы алынатын алма шырынын өндіруді бастадық, – дейді ол.
Алманы шырынға айналдыру жолындағы алғашқы кезең – жуу. Оның өзі бір емес, үш кезеңнен тұрады. Жемістер өндірістік желі бойымен қозғалып, жуылады да, сұрыптау үстеліне түседі. Одан кейін ұсақталады.
– Үшінші рет жуылғаннан кейін алма сұрыптау үстеліне жеткізіледі. Содан соң ұсақтағышқа түседі. Ұсақталған масса құбыр арқылы таспалы престеуге жіберіліп, сол жерде сығымдау арқылы шырын алынады, – деп түсіндірді зауыт басшысы.
Бұдан кейін шырын бірнеше технологиялық кезеңнен өтіп, қою концентратқа айналады. Оның тәттілігі алманың құрамындағы қантқа байланысты болады, қосымша қант қосылмайды.
Тіпті сығымдаудан кейін қалған қатты қалдықтың да кәдеге жарайтын тұсы бар. Зауыт оны мал азығы ретінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына сатады. Қазір интенсивті бақтарда тауарлық алманың үлесін шамамен 90 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қалған 10 пайызға дейінгі өнім шырын немесе езбе өндіруге арналған шикізат ретінде пайдаланылмақ.
Өңдеу кәсіпорнының жай-күйі
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің өзіндік қиындығы бар. Зауыт директоры Бақыт Болысбаев негізгі мәселелердің қатарына қаржы тапшылығын, шығын өсімін және импорттық өнімдермен бәсекені атады. Оның айтуынша, Қытай секілді ірі шетелдік өндірушілермен бәсекелесу қиын. Олар нарыққа өнімді көп көлемде әрі төмен бағамен жеткізе алады.
Өндірістік шығындардың өсуі де кәсіпорынға қосымша салмақ түсіреді. Әсіресе жанармай, қосалқы бөлшектер бағасының қымбаттауы өнімнің өзіндік құнын өзгертеді.
– Өнімді өзіміз өсіріп, өзіміз өңдейміз. Әрине, салық жүктемесінің артуы табысымызға әсер етеді. Бұған қоса, қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай қымбаттап жатыр. Мұның бәрі – шығынымыз. Тамшылатып суару жүйесі мен тыңайтқыштардың кей түріне субсидия аламыз. Бірақ өнімді өңдеу мен бөтелкеге құюға қатысты мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған, – дейді Бақыт Болысбаев.
Қазір зауыт дайын шикізатты шетелден сатып алып, Қазақстанда тек қаптаумен айналысатын кәсіпорындармен бәсекелесуге мәжбүр. Ал Есік зауыты өндірістің толық циклін жүзеге асырады: шикізаттың бір бөлігін өзі өсіреді, оны өңдейді және дайын өнім шығарады.
– Мысалы, қызанақ пастасын өндіреміз әрі өзіміз ыдыстарға құямыз. Ал басқа компаниялар дайын пастаны шетелден сатып алып, Қазақстанға әкеліп, осында ғана құюы мүмкін. Соған қарамастан, нарықта бәріміз бірдей жағдайдамыз. Сондықтан бізге оңай емес, – дейді зауыт директоры.
Салада кадр мәселесі жоқ емес. Өңдеу жабдықтарымен жұмыс істей алатын тәжірибесі бар мамандар қажет. Алайда мұндай кадрларды ел ішінен табу қиындай түскен.
– Білікті мамандар жетіспейді. Мысалы, Қазақстанда сүт өңдейтін кәсіпорындар көп, олардың мамандары өзара тәжірибе алмаса алады. Ал біздің салада мұндай өндіріс орындары аз. Сондықтан қызметкерлеріміздің көбі тәжірибені тікелей осында жүріп үйренді. Қытайдан мамандар жабдықтарды орнатуға келгенде жергілікті жұмысшылар солармен бірге жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Кейбір қызметкер зауыт ашылған, яғни 2010 жылдан бері еңбек етіп келеді, – дейді Бақыт Болысбаев.
Зауыт иелігінде шамамен 1,5 мың гектар жер бар. Егістікте ауыспалы егіс жүйесі қолданылады. Мысалы, қызанақты бір алқапқа жыл сайын егуге болмайтындықтан, келесі маусымда оның орнына жүгері өсіріледі.
Осылайша, Алматының апортын көбейту үшін уақыт қажет. Бағбандар толыққанды өнім алу үшін жеті-сегіз жыл күтуге мәжбүр. Сондықтан аты аңызға айналған сортты қайта түлету ең алдымен тұқымбаққа, сапалы көшетке және инвестицияға тәуелді болып отыр.