Көші-қон полициясының аға испекторына қатысты сот үкімі жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтау қалалық сотында Маңғыстау облыстық ІІД Көші-қон полициясының аға испекторы А.Қанатбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып, толық аяқталды.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, А.Қанатбаев Ақтау қаласында орналасқан «Clavon Engineering Kazakhstan» ЖШС-нің өкілі Б.Максимовадан шетел азаматтарының төлқұжаттарын рәсімдеу үшін бірнеше рет ақшалай және әуежай билеттері түрінде пара алған. Параның жалпы сомасы 411 858 теңгені құраған.
Маңғыстау облысы, Ақтау қалалық сотының үкімімен А.Қанатбаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлімінің 4-тармағы бойынша (бірнеше рет пара алу) кінәлі деп танылды. Оның жеке өзіне тиісті мүлкі тәркіленіп, ол өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылып, 7 жылға сотталды.
Сонымен қатар Ақтау қалалық соты Маңғыстау облыстық ІІД-нің басшысының атына Көші-қон басқармасында орын алған кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмау туралы жеке қаулы шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.