Көші-қон саласындағы заңдар қоғамдық қатынастарды жеткілікті деңгейде реттей алмай отыр - Мәжіліс депутаты

sp;АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еңбек мигранттарын тиімді басқару мәселесі Қазақстан үшін күннен күнге өзекті болып барады.

Көші-қон саласындағы заңдар қоғамдық қатынастарды жеткілікті деңгейде реттей алмай отыр - Мәжіліс депутаты

Соңғы жылдары еліміздің экономикасы қарқынды дамып, республикада көмірсутегі ресурстары мол көлемде өндіріле түсті. Құрылыс саласы да дамыды. Нәтижесінде мемлекеттің кәсіби біліктілігі жоғары шетелдік мамандарға деген сұранысы әлі күнге сақталып отыр. Бұл мәселені бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстан Республикасындағы жұмысшылардың көші-қон процесін тиімді басқару - жұмысшы мигранттардың құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтардың атқаратын рөлі» атты дөңгелек үстел отырысында Мәжіліс депутаты Светлана Ферхо баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Қазақстанда қазір әлемнің 103 елінің жұмысшылары еңбектеніп жүр. «Үкімет «Нұрлы көш» бағдарламасын қабылдады. Әрине, ол оралмандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін белгілі бір деңгейде шешіп отыр. Мұндай шаралар оралмандардың елімізге сіңісіп кетуіне ықпал ететіні де сөзсіз. Соған қарамастан біздің көші-қон заңдарымыз қоғамдық қатынастарды жеткілікті деңгейде реттей алмай отыр», деді депутат.

Оның сөзінше, көші-қон саласын реттейтін қолданыстағы заңда 200-ден астам нормативті-құқықтық актілер бар. Олар барлық жағдайда бір-бірімен байланыса бермейді. «Біз кеше ғана Мәжілісте екі заң жобасын қарадық. Олардың бірі босқындар мәселесіне қатысты болса, екіншісі осы көші-қон саласын реттеуге бағытталған заң жобасының тұжырымдамасы. Ал «Қазақстан Республикасындағы көші-қон туралы» заң жобасы Парламентке желтоқсан айында келіп түседі. Бұл құжаттың маңызы біз үшін зор. Өйткені онда Үкіметтің арнайы квотасымен келетін мигранттардың тізімі белгіленген. Сондай-ақ құжат талаптары бойынша мигранттардың 4 категориясы көрсетілген. Олардың арасында біліктілігі жоғары шетелдік жұмыс күштеріне ерекше орын беріліп отыр», деді С.Ферхо.