Көші-қон саласындағы заңнамалардың халықаралық тәжірибесіне арналған семинар өтуде
анның 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде көші-қон саласындағы заңнамалардың халықаралық тәжірибесіне арналған семинар өз жұмысын бастады.
Жиын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті, «Нұр Отан» ХДП Фракциясының Әлеуметтік кеңесі, ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы Орталығы, Халықаралық еңбек ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Семинар жұмысы көші-қон саласындағы Қазақстанның заңнамалары тақырыбына арналып, бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамасымен таныстырып өтті. Яғни, семинардың алғашқы сессиясы министрлік тарапынан әзірленген жаңа жобаны талқылауға бағытталып отыр. Тоқтала кететін жайт, аталған заң жобасы Елбасының жарлығымен бекітілген 2007-2015 жылдарға арналған Қазақстанның көші-қон саясатының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген болатын. Осыған орай, заң жобасын дайындауға мемлекеттік органдардан басқа, Мәжіліс депутаттары, халықаралық көші-қон, еңбек ұйымдары және ЕҚЫҰ өкілдері атсалысып, арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Нәтижесінде заң жобасының нормалары мен ережелерінде жалпыға бірдей қабылданған әлемдік стандарттар, халықаралық міндеттемелер көрініс тауып отыр.
Семинар барысында депутаттар мен халықаралық сарапшылар заң жобасына қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Сонымен бірге, семинардың екінші сессиясы көші-қон саясаты саласының халықаралық стандарттарына арналады. Осыған байланысты ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқығы бюросының заңнамалық қолдау департаментінің басшысы Марта Аклер «Демократиялық институттар мен адам құқығы бюросының азаматтардың құқығы саласындағы заңнамалық қолдау көрсету жұмыстарымен танысу» тақырыбында баяндама жасайды деп күтілуде. Бұдан басқа, семинар барысында көші-қон саласының халықаралық стандарттары мен міндеттемелері, әдістемелері жайында сөз болып, пікір алмасу көзделіп отыр.