Көші-қон саясатын қалыптастыру барысында ең алдымен миграция тудыратын факторларға ықпал ету жолдарын іздеу керек - Р. Мұқашев
АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Көші-қон саясатын қалыптастыру барысында ең алдымен миграция тудыратын факторларға ықпал ету жолдарын іздеу керек.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Көші-қон барысын реттеу механизмі: халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнама» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел барысында депутат Рахмет Мұқашев осылай мәлім етті.
«Миграция мемлекет өмірінің барлық саласын - демографиялық жағдай мен халықтың денсаулығынан бастап еңбек нарығына дейінгі аралықтағы барша мәселелерді қамтиды. Бүгінгі күні Қазақстан халықаралық көші-қон ағынына белсенді араласып отыр. Сол үшін де елімізге ең алдымен көші-қон үдерістерін нақты реттеп отыру мәселелері маңызды бола түсуде», - деді Р. Мұқашев. Оның айтуынша, елімізде Тәуелсіздіктен бері қарай жүргізілген демократиялық һәм экономикалық қайта құрулар Қазақстанды қабылдаушы ел ретінде қалыптастырып отыр. Бұның өзі заңсыз келушілердің санын арттыруда. Осыған орай, депутат босқындар, мәжбүрлі көшіп-қонушылар мен оралмандар мәселесін тыңғылықты қарау қажеттігін алға тартады.
Бұл ретте депутат Р. Мұқашев көші-қон саласына қатысты функциялардың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен Ішкі істер министрлігіне өтуінің өзі еліміздің жалпы көші-қон саясатына оң ықпал ететінін айтып, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне де оң әсер беретінін жеткізді.